Шетелден келген қазақтарға атажұртқа кіруге тыйым салынып жатыр

Өйткені оларды визалық режимді бұзғаны үшін қамауға алып, артынша елден қуып жатыр екен. Тіпті кейбірінің 5 жыл атажұртқа кіруіне тыйым салыныпты.

Қытайдан мектеп бітіріп, Қазақстаннан жоғары білім аламын деп келген Бауыржан бүгінде университетте емес, басын арашалап қалу үшін құжат жинап жүр. Былтыр визамен кіріп, оралман куәлігін иемденген ол ықтияр хат аламын деп жүргенде бәлелі болған. Алматы облысының көші-қон полициясындағылар «визаңның мерзімі өтіп кеткен» деп, ісін сотқа жөнелтіпті.

«Сот былай шешім шығарды ғой: «Сен Қытайға кетесің 5 жылға. 15 күнге қамаласың. Сен 1 жылдың ішінде Қазақстанның заңын 2 рет бұздың» деді. Содан енді кететіндей емес. Қалай кетем? Қытайда туысқаным жоқ. Бәрі осы жаққа көшіп келіп алғанбыз», — дейді оралман Бауыржан Мәден.

Бауыржанның өзі заңды бұзғанын мойындап отыр. Бірақ, елге жолатпай қуалайтындай ауыр қылмыс жасамағанын айтып, жеңілдік сұрайды. Бұл — бір ғана Бауыржанның мәселесі емес. Қаншама оралманның түйткілін тыңдап жүрген Ауыт Мұқибек, осындай жазаға іліккен жүздеген қандасымыз атажұртқа келетін күнді аңсап, күн санап жүргенін айтады.

«Менің ойым бұны депутаттар арқылы қанша адам осы тәртіптік жазаға тартылғанын анықтау керек. Сосын енді биыл 25 жылдық той ғой. Бөлініп қалған отбасыларды қосу үшін рақымшылық жасау керек сияқты. Оны ұсыныс ету керек. Бас прокуратура мен жоғарғы сотқа хат жазып, бір жолға рақымшылық жасаса бөлініп кеткен ағайындар бір-біріне қосылады деп ойлаймын», — дейді ақын Ауыт Мұқибек.

Бұл жағдай туралы мәжілісмендер былтыр қабылданған заңда бәрі қарастырылған, тек соны бұзбау керек еді дейді.

«Қазір оралмандардың жағдайлары жеңілденген. Олардың азаматтық алуы да жеңілденді. Былтыр біз заң қабылдадық. Сол заңда көп өзгерістер енгіздік», — дейді парламент мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.

«Заңның бір немқұрайлы жерлері болса, жергілікті органдармен, хат жүзінде беріп жатса біз қолдан келгенше қарастырайық», — дейді парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.

Ал құзыретті органдарды аралап, жеңілдік сұраған Бауыржан Қазақстаннан шығарылу туралы шешімді орындамағаны үшін тағы да жазаға тартылуы мүмкін екенін біледі. Бірақ, басқа амалы жоқ.

«Қамалғаным дұрыс қой. Қытайға барып, тентіреп 5 жыл жүріп шығып-кіре алмай жүргеннен осы Қазақстанда жата берейін де қай жерде болса да. Қамаса да мейлі енді, не істеймін? Тым болмағанда «босқын» мәртебесін берсе де Қазақстанда қалсам деген үміттемін», — дейді оралман Бауыржан Мәден.

Қазіргі таңда дәл осылай заң аясында елден қуылып жатқандардың нақты саны қанша деген сауалға көші-қон полициясы жуық арада жауап береміз деп отыр.

Дереккөз31 арна