Астана прокуратурасы монополистердің тарифті негізсіз көтергенін анықтады

Астана прокуратурасы «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ және «Астанаэнергосбыт» ЖШС сияқты монополистердің жылу мен электр бойынша тариф қалыптастыру заңдылығын тексерді. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Тексеру барысында аталған компаниялардың табиғи монополиялар саласында көптеген заңсыздыққа жол бергені, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны және инвестициялық бағдарламаларды орындамағаны белгілі болды. «Астанаэнергосбыт» мекемесі монополияға қарсы органмен шектік бағаны келісу кезінде 1 кВт/сағатты сатып алу 11,8 теңге болады деп көрсеткен, бірақ іс жүзінде сатып алуды екі есе арзан бағамен жүргізген. Бұған қоса, монополия субъектісі тариф сметасы шығындарын өкілетті орган бекіткеннен 5%-ынан асатын көлемде орындамаған.

«Астана-Энергия» АҚ 2017 жылы сметада көрсетілген жалпы сомасы 474 миллион теңгенің шығысын іске асырмаған. Бұл сома тұтынушыларға қайтарылуы керек.

Прокуратура жасаған актілердің қорытындысы бойынша үш монополист үшін электр энергиясы мен жылу бағасын төмендететін уақытша тариф енгізілді, өтемақы түрінде есептелетін жалпы сома — 1,2 миллиард теңге.

Астана прокуратурасының мәліметінше, қазіргі уақытта жылу тарифі 1 гигакалориясына 3016,52 теңгеден 2842,99 теңгеге дейін, электр энергиясы тарифі килоВатт/сағатына 14,59 теңгеден 13,89 теңгеге дейін төмендетілді.

Еске салайық, 7 қараша күні Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, электр және жылу энергиясының қазіргі тарифтерінің түзілуіне, энергетикалық қызмет көрсету нарығындағы бағаның белгіленуіне бақылау жасайтын мемлекеттік органдардың жұмысын реттеу мәселесі талқыланған еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы салада бағаға қатысты ымыраластыққа және сыбайлас жемқорлыққа жол берген өкілетті мемлекеттік органдарды тексеруді тапсырды.