Ми: Сана сырлары

Шығарушы мемлекет: АҚШ

Ұзақтығы: 3 бөлім

Фото: Depositphotos.com

Адам миының құпиясы көп. Соны ВВС компаниясы қолға алып, белгілі бір жағдайларда қандай да бір әрекетті не себепті орындайтынымызды, шын мәнінде біздің санамыз қалай жұмыс істейтініне зерттеу жүргізеді. Адам өз ойын бақылауға, өзгелердің ойын басқаруға қабілетті ме? «Сана сырлары» миға қатысты сұрақтарға жауап береді.

Жанның құпиясы: Архетип, Невроз, Либидо

Шығарушы мемлекет: Ресей

Ұзақтығы: 30 бөлім

Фото: Wikipedia

18 бөлімнен тұратын бұл сериал психология ғылымын зерттеген танымал тұлғаларға арналады. Телехикаяны көріп отырып адам жанының құпияларын, психологиясына байланысты кейбір элементті байқай аласыз. Мысалы, 24 тұлғадан тұратын Билли Миллиган туралы да осы туындыда айтылады.

Ғаламға Стивен Хокингпен бірге

Шығарушы мемлекет: Ұлыбритания

Ұзақтығы: 3 кезең (әрқайсысы 3 бөлімнен тұрады)

Фото: Тextvideo.ru

Әңгіме ғарыш туралы болғанда әйгілі Стивен Хокингті айтпай кетуге болмайды. Телехикаяда данышпан жер әлемінен бөлек тіршіліктің барын, уақытты қалай алдауға болатынын айтып, ғалам туралы сұрақтарға жауап береді. Тіпті, ешқашан астрономияға қызықпаған болсаңыз да, телехикаяны көрген соң ғаламды тануға қызығушылық пайда болып, көп құпияға үңілесіз.

Морган Фрименмен кеңістік пен уақыт арасында

Шығарушы мемлекет: АҚШ

Ұзақтығы: 6 кезең (әрқайсысы 10 бөлімнен тұрады)

Фото: AdMe

Морган Фримен жүргізетін бұл бағдарламада ғалам туралы тың дерек айтылып, адамды ойландыратын сұрақтарға нақты жауаптар ізделеді. Ұзақ сұхбат түрінде берілетін қызық мысалдар мен теориялар көрерменді таңдандырмай қоймайды. Сериал әлемнің барлық ақиқатын толығымен ашу үшін астробиология, кванттық механика, астрофизика саласы мен ішектер теориясындағы ең күшті идеялар туралы әңгімелейді.

Қара айна

Шығарушы мемлекет: АҚШ

Ұзақтығы: 4 кезең (әрқайсысы 6 бөлімнен тұрады)

Фото: Mirf.ru

Бүгінгі заманауи технологиялар — адамзаттың жеңісі. Бірақ күнделікті өмірде пайдаға асқан заттар зиянын да тигізеді. «Қара айна» телехикасы аты айтып тұрғандай, заманауи технологиялар туралы. Қара айналар барлық жерде — әрбір үйдегі теледидарда, әрқайсымыздың қолымыздағы смартфонда. Бұл ХХІ ғасырдың нағыз антиутопиясы. Қара айналардың арғы жағында қандай сыр бар? Үңіліп көріңіз.

Жоғалған әлем

Шығарушы мемлекет: Австрия, Канада, Жаңа Зеландия

Ұзақтығы: 3 кезең (әрқайсысы 20 бөлімнен тұрады)

Фото: Depositphotos.com

«Жоғалған әлемдер» деректі телехикаясы әлемдік тарихтың жұмбақтары мен құпияларына арналған. Онда ежелгі Египет құпиясынан бастап 1950 жылдардағы Атом бункеріне дейін, таңғажайып ғибадатханалар тарихынан бастап жоғалып кеткен өркениетке дейін көрсетіледі.

Тайсалмайтын дегустаторлар бара жатыр

Шығарушы мемлекет: Ұлыбритания

Ұзақтығы: 2 кезең (әрқайсы 11 бөлімнен тұрады)

Фото: Рostila.ru

Әйгілі ресторан сыншысы мен танымал комедия актрисасы Ұлыбритания тарихына үңіліп, сол кезде тұтынған тағамдардың дәмін көреді. Осындай әр дегустациядан соң олар медициналық тексерістен өтіп, дәрігерлерден ағзаның жұмысы туралы қорытындысын алады. Осындай іс-әрекет арқылы олар көрерменге адам ағзасына тағам түрінің қалай әсер ететінін көрсетеді.

Өнердің күші

Шығарушы мемлекет: Ұлыбритания

Ұзақтығы: 8 бөлім

Фото: Artifex.Ru

Ағылшын тарихшысы Саймон Шама әлем суретшілерінің шығармаларына негіздеп 8 бөлімнен тұратын деректі фильм шығарды. Бұл телехикаяда белгілі музейлерге ұзақ саяхат жасамайсыз. Оның орнына әлемдік көркемсурет шеберлерінің таңғажайып туындыларының тарихымен таныса аласыз. Әр кескіндемешінің танымал шығармасы өз өмірімен тікелей байланысты. Қалың көрермен бұл телехикаяны оқу орындарының бағдарламасына енгізуді ұсынған екен.

Жоғалу

Шығарушы мемлекет: Франция

Ұзақтығы: 8 бөлім

Фото: Кino.mail.ru

1991 жылдың қазанында шығыс Америка жағалауында дауыл болды. Желдің жылдамдығы сағатына 150 километрге жетіп, үйлер мен біраз ғимаратты қиратқан. Осы аймақта қазанның 28-інде түнде балықшылар кемесі болды. Кеменің ішінде 6 адам болған. Оқиға кезінде кеме мен оның экипажы із-түссіз жоғалып кетті. «Жоғалу» туындысы осы оқиғаны көрсету арқылы адамзаттың маңызды сұрақтарына жауап іздейді.

Азық-түлік зауыты

Шығарушы мемлекет: Канада

Ұзақтығы: 6 кезең (әрқайсы 26 бөлімнен тұрады)

Фото: Youtube

Дәмді тағамдарды бәріміз ұнатамыз, бірақ олардың алдымызға келмес бұрын қандай сынақтардан өтетінін көбіміз біле бермейміз. «Азық-түлік зауыты» телехикаясында өндірістік цехтардың жұмысымен бірге аспаздардың дәмді әрі пайдалы тағамдарды дайындау технологиясы мен құпиясы көрсетіледі. Туындының әр бөлімі дәмді тағамдарды пісіруден безендіруге дейінгі процеске құрылған. Телехикая кезінде аспаз тез дайындалатын жеңіл, күрделі әрі қымбат тағамдарды да қалай әзірлеу керек екенін көрсетеді. Бұл бағдарламаны асқазаныңыз бос кезде көрмеуге кеңес береміз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!