«Абай» операсы Италияда қойылатын болды

Көрерменнің назарына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы мен Л.В.Бетховеннің «№9 Симфониясы» ұсынылады.

Асқақ өнерді бағалаушылармен қайта қауышқанымызға әрі Италиядағы ең әдемі театрлардың бірі – генуялық театр сахнасында өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. 2015 жылдан бастап біздің ұжым осынау итальяндық сахнада опера және балет спектакльдерін ұсынуда, сондықтан көрерменнің көзайымына айналып үлгердік, олар бізбен жаңа кездесулерді асыға күтеді, біз үшін бұл қуанышты жағдай, — деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» МОБТ ди⁠ректоры Ғалым Ахмедьяров.

«Карло Феличе» театры 1827 жылы салынған. Оның сахнасында әлемнің ең танымал дирижерлары мен әйгілі оркестрлері, беделді балет труппалары мен атақты орындаушылар өнер көрсеткен.

«Карло Феличе» театрында барлығы басқаша, біз сахнаның планшетін жауып тұратын төменгі платформаны пайдаланатын боламыз. Осылайша, декорациялардың ең ауқымды және ауыр салмақты элементтерінің бірі – Абай үйі «трюмде», яғни сахна астында орналасатын болады. Жалпы алғанда, спектакль «Астана Опера» театрындағы түпнұсқа көрсетіліміндегідей ұсынылатын болады. Көрермендер қойылымға қатысатын жануарларды да тамашалай алады, — деп бөлісті «Астана Опера» көркемдік-өндірістік кешен жетекшісі Виктор Караре.

ДереккөзInform.kz