Digital Bridge форумы үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.
Форумның цифрлық экономиканы дамытудың жаһандық трендтері талқыланған жалпы отырысына елімізге ресми сапармен келген Эстонияның Премьер-министрі Юри Ратас та қатысты. Шара бірден модератордың Қазақстан Үкіметі басшысына сауалымен басталды.
Таңертеңнен бері Эстонияның Премьер-министрімен келіссөздер өткіздік. Ол менен Премьер-министр ретінде Парламентке қаншалықты жиі баратынымды сұрады. Эстония Премьер-министрі Парламентке жиі баратынын және кездесу бірден сұрақтармен басталатынын айтты. Біз де мына жерге отырып үлгерместен модератордың сауалдарына жауап беруден бірден бастамақпыз, — деді әзілдеді Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсат — Астана алаңында Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын виртуал көпір құру.
Әлем жылдам өзгереді және бүгінде байланыстар табу үшін бір-бірімізге жиі баруымыз қажет. Интернеттің көмегімен байланыс орнатуға да, өз пікіріңді білдіруге де мүмкіндік бар. Сондықтан бұл форум болашақта өз жалғасын тауып, жыл сайын кеңейе түседі деп ойлаймыз. Бұл үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналады, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда экономиканың барлық секторы цифрландыруға көшкенін айтты.
Үкімет мұндай қызметті өз мойнына алып отыр. Ең бірінші кезекте бұл — цифрлық форматта мемлекеттік қызметтердің толық көлемін ұсыну. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласын цифрлық форматқа келтірудеміз. Білім беру саласында біз цифрлық форматта жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы 8 айдың ішінде 13 миллион мемлекеттік қызметті цифрлық форматта көрсеттік, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Шарада шетелдік спикерлер кәсіпкерліктің қыр-сырын, сәтсіз жобаларға ұрынғанда одан шығудың жолдарын және үздік болу үшін қарамағындағы қызметкерлердің жан-жақты білгір болуы маңызды екенін айтты.
Атақты компаниялардың сәтті қадамдары әрдайым сәтті бола берген жоқ, бірақ олар тынбай еңбек етті. Егер сіз де әрқашан шегінбей еңбек етсеңіз, Google, iPhone, Amazon секілді әлем таныған кәсіпорынның иесі бола аласыз, — дейді шетелдік кәсіпкер, венчурлық инвестор Камран Элахиан.
Digital Bridge — Қазақстандағы биыл өтіп отырған басты инновациялық оқиғалардың бірі. Қатысушылар форумның диалог алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылайды. Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, түрлі елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысып жатыр. Форумды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ және Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі ұйымдастырды.