Президент Жолдауы: Бақытжан Сағынтаев Алматы облысын аралап жүр

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Мұнда білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен және кәсіпкерлер қауымымен Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауын іске асыру жөнінде кездесулер өтеді.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірге келген бойда Бақытжан Сағынтаев биыл көктемде пайдалануға берілген Талдықорған әуежайының жаңа терминалын көрді. Бұл нысан ішкі және халықаралық сапарларға ұшатын жолаушыларға, шығарып салушылар мен күтіп алушыларға жыл бойы ұшар алдындағы және қонғаннан кейін кешенді қызметті көрсетуге арналған.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Үшарал әуежайын дамыту және Алакөл көлінің жағалауын бекіту жобаларымен таныстырды.

Былтыр Алматы облысының әкімдігі Үшарал әуежайындағы аэровокзал ғимаратын салуды аяқтады. Осы жылдың маусым айынан бастап Үшарал әуежайынан аптасына үш рет Астана — Үшарал және Талдықорған — Үшарал, аптасына бес рет Алматы — Үшарал бағытында әуе рейстері орындалып жатыр. Қазіргі таңда ұшу-қону жолағы да реконструкцияланып жатыр, бұл әуежайдың Boeing санатының әуе кемелеріне қызмет көрсетуіне жол ашады.

Биыл бір миллионнан астам турист келген Алакөл көлінің жағалауын дамыту мақсатында кешенді инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2019 жылы Алакөлде жабдықтау және су тарту жүйелерін — ұзындығы 72,9 шақырым болатын тазарту нысандарын және 50 шақырымға арналған сумен жабдықтау жүйесін салу көзделген. Жағалауды бекіту мен кеме аялдайтын айлақтарды салудың жаңа технологияларын енгізу де жоспарда бар. Облыс әкімінің айтуынша, қоршалған бөгет Көктұма мен Ақши ауылдарының тұрғындарын — 2,5 мыңнан астам адамды Алакөл көлінің қатты толқындарының залал келтіруінен қорғауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, облыс әкімдігінің мәліметінше, туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар 2016 жылдан бастап (452 мың адам) Алакөл ауданында қызмет көрсетілген туристер санын екі еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жалпы, облыс бойынша бір жылда келетін туристер саны 2 миллионға жуықтайды.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министр Қытаймен шекарадағы «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің, «Қорғас» ШЫХО бақылау-өткізу пунктінің жұмыстарын және шекара маңы ғимараттарының құрылысы барысын тексерді.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Амриннің айтуынша, «Нұр жолы» кешенінің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағытында жұмыс күндері 2500 көлік құралын өткізуге қауқарлы. Оның ішінде 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі бар. Бұл транзиттік ағындардың едәуір ұлғаюына мүмкіндік берді. Болашақта жаңа пункт тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізе алады. Мұндай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің пайда болуы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірлік экономиканың дамуына қуатты серпін бермек.

Бақытжан Сағынтаев шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысымен де танысты. «Қорғас» ШЫХО жалпы аумағы 560 гектар болатын екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында орналасқан және мемлекеттік шекара арқылы өтетін «Арнайы өткел» арқылы қосылған қазақстандық және қытай бөліктерінен тұрады. Жобаның бірегейлігі — Орталықтың аумағында адамдар, тауар және көлік құралдары визасыз еркін қозғала алады.

Қазіргі таңда «Қорғас» ШЫХО» АҚ ауданы 236 га болатын резервтегі аумақтарды қосуды қарастыратын құрылыстың бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстарын аяқтады. Жаңа бас жоспарға сәйкес, көпфункциялы сауда үйлерін және халықаралық іскерлік ынтымақтастыққа арналған орталықтарды, мәдени алмасу орындарын, білім және ғылыми оқыту орталықтарын, спорттық-сауықтыру инфрақұрылымы бар демалыс орындарын салу жоспарда бар.

Орталық аумағында жалпы құны шамамен 356 млрд теңге болатын 27 инвестициялық нысан бар. Пайдалануға берілген сауда үйлерінің жалпы ауданы — 24 663 шаршы метр. 2018 жылдың соңына қарай ауданы шамамен 40 000 шаршы метр болатын 2 инвестициялық нысанның құрылысын аяқтау көзделген.

«Қорғас» орталығының қазақстандық бөлігінде нақты салық жеңілдіктерінің пакеті бар арнайы экономикалық аймақ құрылған. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары негізгі салықтарды төлеуден босатылады. Осы және басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтар қазақстандық және шетелдік қатысушылар үшін де қолжетімді болады. ШЫХО-да тауар айналымы цифрландырылып жатыр. Бұл кеден бақылауы процестерін автоматтандыруға жол ашады.

Қазіргі таңда қазақстандық инвесторлар үшін бақылау-өткізу пунктерінде тәуліктік жұмыс режимі мәселесі шешілген. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы саудасы мен туризмді одан әрі жандандыруға көмектесу мақсатында Қытайдың бақылау-өткізу пунктінде 14 сағаттық жұмыс режимі іске қосылған.