2 қарашадағы ауа райы: жауын-шашын, екпінді жел, тұман, көктайғақ

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, 2 қараша күні Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылып, жауын-шашын болады, тек батыста және оңтүстікте күн ашық болады. Кей жерлерде екпінді жел соғып, тұман түседі, көктайғақ, бұрқасын болуы мүмкін.

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болады, өңір аумағының басым бөлігінде 15-20 м/с жел соғады, кей жерлерінде жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.

Ақмола, Қостанай облыстарында да тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болады, жел 15-20 м/с-ке күшейеді, Ақмола облысында күндіз жел екпіні 25 м/с-ке жетеді. Павлодар облысының кей жерлерінде күндіз жел екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді, күндіз өңірдің кей жерлерінде жаяу бұрқасын, көктайғақ болуы мүмкін.

2 қарашада Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болады, күндіз Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жел күшейеді.

Түркістан, Қызылорда облыстарында да күн тұманды болады, Түркістан облысының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғады. Қарағанды облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын болады деген болжам бар.

«Қазгидромет» РМК тұрғындарға бүгін Астанада бұрқасын, Ақмола облысында тұман, көктайғақ пен боран болатынын алдын ала ескертті. Төтенше ескерту сонымен бірге Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында да жарияланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» синоптиктері қараша айында ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері қандай болатынын хабарлаған еді.