Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстанда...

Батыс Қазақстанда жыл меценаттары марапатталды

Батыс Қазақстан облысында жомарт азаматтар көп. 30 қазан күні солардың бір тобына облыс әкімі Алтай Көлгінов «Жомарт жүрек-2018» сыйлығын табыстады.

Өңір басшысы өз сөзінде ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын айта келе ағайынға болысып, әлсізді демеп, жасы кішіні қолдап жүрген мейірімді жандар қандай құрметке де лайық деді. Оның айтуынша, биыл Жайық топырағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 134 меценаттың қатысуымен 166 жоба мен түрлі деңгейде шара өткізілген. Оның 138-і ауылдық округте, 20 жоба аудандық деңгейде, сегізі облыс орталығында жүзеге асқан.

Аз уақыттың ішінде көп жұмыс атқарылды. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбеюде. Облыс бойынша 60 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Әсіресе, өңір меценаттары спорт, денсаулық, білім салаларына көбірек көңіл аударып келеді. Қазіргі таңда облыстағы әр елді мекенде спорт кешені, балалардың ойын алаңдары, мектептердің арнайы кабинеттері мен материалдық-техникалық базасын жаңарту, аудандық музейлерді толықтыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштер салу секілді шаралар атқарылып жатыр. Сонымен қатар республикалық қорлардың көмегі тиіп отыр. «Самұрық Қазына» және «Асыл мирас» қайырымдылық қорлары спорт инфрақұрылымын жақсартуға, бүлдіршіндерге қолдау көрсетеді, — деді Алтай Көлгінов.

Салтанатты шарада «Туған өлке» аталымы бойынша кәсіпкер С.Айтжан, «Отделстрой» ЖШС директоры В.Михно, «Батыс Пауэр» ЖШС директоры Ж.Жақыпов және БҚО ҚХА этно-мәдени орталықтары марапатталды.

«Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы В.Жүнісов «Алтын ұя», UNISERV ЖШС бас директоры Н.Сәтбаев «Жылдың әлеуметтік жауапты ұйымы» аталымына ие болды. «Тақсай ханшайымы» кесенесін салуға ерекше үлес қосқан «Автокомбинат» ЖШС директоры Валерий Голоухов «Жыл меценаты» атанды.

Ауылға фельдшерлік амбулаториялық пункт салып берген Қазталов ауданы Әжібай ауылынан ағайынды Срәлиевтер «Жыл азаматы» аталымын иеленді. Осы ауданда суға батып бара жатырған 3 жасар сәбиді құтқарған 7 сынып оқушысы Н.Айболатов «Батыл жүрек» аталымына лайық деп танылды.

Сонымен қатар облыста бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асырған «Самұрық-Қазына Траст» ЖШС басшысы А.Есімов «Әлеуметтік салаға қосқан үлесі үшін» аталымы, «Асыл мирас» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Болат Өтемұратовқа «Жүректен жүрекке» аталымы табыс етілді.