Астана әкімі Женевада өтетін ірі қалалар кездесуіне шақырту алды

БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының хатшысы Астана әкімі Бақыт Сұлтановты ірі қалалар басшыларының кеңесіне шақырды. Бұл туралы Бақыт Сұлтанов пен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссияның хатшысы Ольга Альгаерованың кездесуінде айтылды.

БҰҰ-ның өкілі Астана қаласы әкіміне келер жылы көктемде Женевада Еуропалық экономикалық комиссияның кезекті кеңесі өтетінін,онда ірі қалалар мэрлерінің кездесуі өтетінін айтты.

Қала басшылары халыққа жақын. Сіздер инновацияларды дамыту, энергетика, сауда, ТКШ, статистика туралы көп білесіздер. Осы тақырыптармен комиссия да жұмыс жасайды. Сол себепті бізге сіздің ойыңыз да маңызды,- деді хатшы.

Оның айтуынша, Астана осыған дейін жаһандық бастамаларды көтеріп келеді. Мысалы, биыл жазда Астанада Азиядағы, Орталық-Азиялық аймақтағы ормандарды дамыту бойынша кеңес өтті.

Кездесуде Астана әкімі қаланың 2050 жылға арналған бас жоспары туралы айтты.

Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен біз қаланың көпжылдық даму бағдарламасын әзірлеуге кірістік. Астана тек адамдарға ыңғайлы қала ғана болып қалмай, инновация мен жаңа ойлардың жүзеге асатын қаласы болуы тиіс, — деді әкім.

Айта кетейік, Ольга Альгаерова Астанаға трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенция тараптары кеңесінің сегізінші сессиясының аясында келген.