«Бизнесмендер» — 90 жылдарды, Кеңес Одағының ыдыраған кезін бейнелейтін кинотуынды. Сюжет желісі бойынша үш дос — Әнуар, Асқар және Дамир кәсіп бастайды. Осы жолда олардың ақша, достық және махаббат сияқты құндылықтарды қаншалықты бағалай алатыны көрсетіледі.

Кинокартинада басты рольде Борис Щукин атындағы Мәскеу театр институтын бітірген жас актер Асқар Ілиясов ойнайды. Бұл — оның қазақстандық киноиндустриядағы алғашқы фильмі. Асқардың достары болып Шәріп Серік (Асқар) және Расым Жұбаев (Дамир) ойнайды. Актер Шәріп Серік Ақан Сатаевтың «Аудандар» фильміне түскен, ал Расым Жұбаев үшін бұл — алғашқы ролі. Фильм 2017 жылдың жазында түсірілді. Түсірілім 35 күнге созылған.

"Бизнесмены" фильмінің көрсетілімі
«Бизнесмены» фильмінің көрсетілімі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

30 қазан күні «Шындықты айтамыз» полемика клубына жиналғандар Chaplin кинотеатрында фильмді тамашалап, режиссер мен актерлық құрамның алдында ашық пікір білдірді. Режиссер Ақан Сатаев көрерменнің қай сұрағын да жауапсыз қалдырмады.

«Бизнесмендер» фильмінің жеткізгісі келген ойы қандай?

«Өмірде ақшаға сатып ала алмайтын, бағасыз дүниелер де бар». Осы сөз — фильмнің басты ойы.

Фильмдегі басты кейіпкерлердің прототипі бар ма?

Фильмнің басты кейіпкерлері нақты өмірдегі кәсіпкерлер емес. Олар тек жинақталған образдар. Біз бұл кейіпкерлер арқылы сол жылдары алғаш болып кәсіп бастаған адамдардың характерін беруге тырыстық. Дегенмен арасында сол кезде кәсіп бастаған адамдар да бар. Олар біздің фильмді барынша аша алуымызға ықпал етті.

Ақан Сатаев
Ақан Сатаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Фильмдегі оқиға желісі 90-жылдардың қай тұсы?

Біз фильмді түсірмес бұрын өте көп адаммен ақылдастық. Бірақ бәрі бірауыздан нақты уақытын айта алмады. Сол себепті қате болып қалар деп нақты жылды көрсетпедік. Фильмдегі оқиғалар шамамен 1994-1995 жылдарды суреттейді.

Асқар Ілиясов
Асқар Ілиясов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Фильмнің бюджеті қанша және жалғасы бола ма?

Фильмнің бюджеті — 500 миллион доллар. Жалғасының болу-болмауы көрерменнің осы фильмді қабылдауына байланысты. Егер «Бизнесмендер» көрермен көңілінен шығып жатса, жалғасын түсіруіміз де мүмкін.

«Рэкетир», «Аудандар» және «Бизнесмендер» фильмдері бір-біріне ұқсайды, үшеуін трилогия деп қарауға бола ма?

Бұл үш фильм бір-бірімен жалғасатын оқиғаларға құралмаған, трилогия емес. Тек үшеуі де 90 жылдары болған оқиғаларды көрсетеді.

Асқар Ілиясов және Айсұлу Әзімбаева
Асқар Ілиясов және Айсұлу Әзімбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Асқар Ілиясов фильмдегі ролі жайында

Мені Ақан Сатаевпен актриса Аружан Жазылбекова таныстырды. Әрі қарай бәрі өз ретімен болып кетті. Өзім Ресейде сатира театрында жұмыс істеймін. Сонда жүріп бірнеше сахнаны видео түрінде жібердім. Одан кейін Алматыға арнайы келдім. Ақанға, бүгін келген көрерменге алғысымды білдіремін. Фильмде көрсетілген уақыт нақты қай жылдар екені белгісіз деп жатыр. «Бизнесмендер» — көркем фильм. Қанша жерден 90-жылдарды бейнелеп тұрса да, режиссердың өз көзқарасы бар, яғни ол сол кездің оқиғасын өзінше көңіл күймен бергісі келеді.

Өмірде біз бәріміз қателесеміз. Менің кейіпкерім Әнуар да қателесті, бірақ ол өз қатесін түсініп, ер азамат ретінде отбасының алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Кешірім сұрап, отбасына көңіл бөледі. Әнуардың және менің жеткізгіміз келгені — осы.

Асқар Ілиясов
Асқар Ілиясов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Продюсер Ернар Құрмашев фильмнің басқа елдерде көрсетілуі жайында

Қазір ресейлік дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз олармен Almaty Film Festival-да танысқан едік. Қараша айының ортасында Ресейде өзіміздің қорымызды және «Бизнесмендер» фильмін таныстырамыз. Фильмді Ресейге ғана емес, ТМД елдеріне де шығаруды жоспарлап отырмыз. Былтыр шыққан «Она» фильмі  5 елде көрсетілген болатын. Бұл жолы да дәл сондай нәтижені көздейміз.

Ернар Құрмашев
Ернар Құрмашев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Еске сала кетейік, «Шындықты айтамыз» полемика клубы осыған дейін «Финансист» және Qarakoz фильмдерін талқылаған еді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!