Хоррор жанрындағы бұл фильмді украиналық режиссерлар Роман Сидоренко мен Максим Якобчук қазақстандық мамандармен бірге түсірген.

Жабық көрсетілімге фильмде басты рольдерде ойнаған Бибігүл Ақтан, Әли Оқапов, Дарья Александрова, Роман Жуков, Владислав Букаткин, Райхан Айтқожанова, Салтанат Наурыз,  Алдияр Байракимов және тағы басқалар қатысты.

Сюжет желісі бойынша жас жігіттер мен қыздар түнде орманда отырып, қорқынышты оқиғаларды айта бастайды. Олар өздері ойлап тапқан оқиғаларды шын болғандай етіп бір-бірін сендіргісі келеді. Олардың үрейлі әңгімесі әйгілі Жалмауыз кемпір, Жезтырнақ және соңғы уақытта пайда болған Қапшағай жолындағы елес туралы және олар фильмде новелла түрінде көрсетіледі.

Chaplin кинотеатрындағы жабық көрсетілімнен соң шақырылған көрермендер түсіру тобына ойын, фильмнен алған әсерін айтты. Көрермендердің көбі «Қаракөз» атауы картина сюжетіне үйлеспей тұрғанын айтты. Бұл сұраққа фильмнің продюсері Ибрагим Махмұтов пен режиссер Роман Сидоренко жауап берді.

Фильмді «Қаракөз» деп атаған мен едім. «Қаракөз» сөзі маған мағынасы кеңдігімен қорқынышты фильмге сай келіп тұрғандай болып көрінді. Бұл менің өз фантазияма байланысты қойылған десек те болады, — деді продюсер.

"Қаракөз" фильмінің жабық көрсетілімі
«Қаракөз» фильмінің жабық көрсетілімі. Фото: Альберт Ахметов

Фильмді «Жалмауыз кемпір» деп атасақ үйлеспейді, «Жезтырнақ» деген де келмейді. Содан соң біз кек алушы періштенің образын ашу мақсатында фильмді «Қаракөз» деп атадық. Біз қорқынышты фильм түсіруге бел бусақ, демек, біздің басты мақсатымыз — көрерменді кішкене болса да, қорқыту. Алайда фильмнің қандай да бір мағынасы болғанын қаладық, — дейді режиссер.

Әли Оқапов
Әли Оқапов. Фото: Альберт Ахметов

Мен қорқынышты фильмдерді ұнатпаймын, себебі қорқамын. «Қаракөздегі» басты рольге бекітілген соң танымал қорқынышты фильмдерді көру керек болды. Ал мен оларды бетімді жауып отырып көрдім. Түсірілім орнына бізді көзімізді байлап алып барды. Фильмнен көргендеріңіздей, біздің сахна түнде болады. Түсірілімдегі серігім — Бибігүл Ақтан үнемі мені қорқытумен болды. Соңғы сахнада мен табыттың ішінде жатамын. Әрине, табытта жату жақсы әсер сыйлаған жоқ. Сол себепті табытта аяқ-қолым байлаулы жатқан мен сөзімді ұмытып қалдым. Ал түсілім басталмай тұрып дайындық кезінде бір кісі менің бойымды, кеудемді өлшеп кеткен еді. Мен киімге шығар деп мән бермедім. Дайындықтың соңында жаңағы кісіден не үшін өлшегенін сұрасам, «Бұл сенің табытыңа» деді. Әрине, мұндайды естіген біртүрлі екен, — дейді Әли Оқапов.

Ал Бибігүл Ақтан ешқандай қорқыныштың болмағанын, қайта өз роліне қызыға кіріскенін айтты:

Маған түсірілім кезінде түк қорқынышты болмады. Керісінше, өзімнің жаңа образыма қызығып, адам өлтіруге дайын болып отырдым. Менің бұған дейінгі рольдерім романтикалық қыздар болатын. Ал «Қаракөздегі» кейіпкерім — бұрынғыларға қарама-қарсы адам. Өзімді жаңа рольде көрсете алғаныма қуаныштымын.

«Қаракөз» фильмі осы жылдың маусым-шілде айларында Алматыда түсірілді. Фильм 1 қарашадан бастап қалың көрерменге жол тартады. Ұйымдастырушылар фильмнің прокатқа шығу уақытын атақты Halloween мерекесіне орайластырып отыр.