Биыл күзде Астанада 13 мыңнан аса жаңа көшет отырғызылды

Астанада 3522,78 тонна қалдық шығарылып, 13 мыңнан аса ағаш көшеті және 8880 тал-шілік отырғызылды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

10 қыркүйек — 10 қазан аралығында өткен экологиялық айлықта және 22 қыркүйектегі жалпықалалық сенбілікте 118 мыңнан астам азамат пен 4 180 кәсіпорын, ұйымдар мен мекемелер қаланы санитарлық тазалауға, абаттандыру мен көгалдандыруға үлестерін қосты. Онда 506-дан астам мамандандырылған техника жұмылдырылды.

Өткізілген айлықтың шеңберінде 13 307 ағаш көшеті (қызыл тал, татар үйеңкісі, қарағай, қайың, емен, пирамидалық терек, шетен, шаған, сағызқарағай, шефердия, шегіршін, қарақат, алма ағашы)  және 8880 тал-шілік отырғызылды. Айлықтың толық кезеңінде 3522,78 тонна қалдық полигонға көму үшін жиналып, шығарылды және 751 сапар жасалды, — деді Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев.

«Дүниежүзілік тазалық күні» акциясы аясында 3,3 тонна қайталама шикізаттарды жиналып, өңдеуге жіберілді.

Орта және шағын бизнестің қызметкерлері қаланың сырт аумағын жинады. Коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар ішкі орамды абаттандырып, жол төсемі мен жаяу жүргінші өтпежолдарының бүлінген (шұңқырлы) жерлерін жөндеп және рұқсаты жоқ қоқыс үйінділерін жойды, — деді Мұса Танабаев.