FemAgoraCA шарасының мақсаты қандай?

Елімізде 8 наурыз мерекесі тойланады. Алайда бұл мереке өз ерекшелігінен ауытқып, нағыз сексист мерекеге айналған. Бұл жағдай біздің ғана елімізде емес, бұрынғы Советтер Одағына мүше болған барлық елде бар. Мұның себебі Советтер Одағы кезінде «Әйелдер жұмысшылар сынды еркіндікке ұласты, ендігі жерде қандай да бір мәселе жоқ, тек оларды құттықтау керек» деген сынды көзқарас пайда болған болатын-ды. Мысалы, 1 мамыр еңбекшілер мерекесі де – Советтер Одағы кезеңін көрген болсаңыз – еңбекшілердің мерекесінен бұрын, той тойлап, арақ ішілетін мерекеге айналған еді. Ал негізінде 8 наурыз да, 1 мамыр да — белгілі бір ерекшеліктерге ие мерекелер.

8 наурыз халықаралық  әйелдер күні; бұл күні әйелдің қоғамдағы орны, қоғамдағы гендерлік қатынастардағы кемшіліктер, жалпы әйел мен гендерлік мәселелер қозғалуы тиіс. Мысалы, әлі күнге дейін қоғамымызда әйелдерге байланысты көптеген теріс көзқарастар, ортағасырлық, надан көзқарастар күнелтуде. Мәдени капиталымыз әйелдерді қорлайтын жәйттерге бай. Сондықтан да FemAgoraCA шарасы арқылы мәдени саладағы гендерлік мәселелерді қозғау, талқылау, өнерімізге еңбегі сіңіп жүрген әйелдермен танысу, олардың күнделікті өмірімізге беретін мағыналарына үңілу, әйел мәселелеріне олардың көзі арқылы қарау, ғалымдар мен сарапшылардың гендерлік мәселелерге деген көзқарастарымен танысу, гендерлік мәселелерге өркениетті қоғамдарға жарасатындай түрде сөйлесе отырып, пікірталаса отырып шешім табуға тырысу. Міне, FemAgoraCA-ның мақсаттары.

Үш күндік шара қатысушыларға не береді?

Үш күндік шараны біз жалпы кескіндеме өнері, кино өнері және пікірталас деп үшке бөлдік. Алдағы жылдарда музыка, театр және әдебиет салаларын да қосқымыз келеді. Биылдыққа осы үш негізгі саламен шектеліп отырмыз. Бірінші күні сурет көрмесі болады. Әрине бұл жерде негізгі нысанадағы тақырып — гендер. Келушілер әйел суретшілердің туындыларымен танысып, гендерлік мәселені суреттер арқылы ұғынады. Артынша осы тақырып төңірегінде панел болады. Панелде өнер, әйел, ұят мәселелері қозғалады.

Ал екінші күні болса келген жұрт Қазақстандық, Өзбекстандық және Қырғызстандық әйел режиссерлердің толық метражды және қысқа метражды қойылымды немесе деректі фильмдерімен танысады. Бұл фильмдер әрқилы. Әсіресе режиссер Жанна Исабаеваның 2013 жылғы фильмі «Нағиманы» міндетті түрде келіп көрулері керек дер едім. Аталмыш фильм осыдан бес жыл бұрын шыққан болса да әлі күнге дейін табылмайтын, көрсетілімге кіре алмаған фильмдердің бірі. Тіпті мен өзім де көрген жоқпын. Тек қана ол жайында жазылған мақалалар мен аңыздар арқылы хабардармын.

Ал режиссер Катерина Суворованың «Завтра Море» атты фильмі болса Арал мен адам тағдырын өте керемет зерттеген фильм. Былтыр елімізде 1-2 апта көрсетілімде болды. Фильмді көре алмағандар болса өте керемет әсерге кезігетініне сенімдімін. Мен үшін бұл фильм феминистік тұрғыдан өте маңызды. Өйткені жер ана мен әйелдің тағдыры бір. Екеуі де ғасырлар бойы патриархал жүйе арқылы қанаудың объектісі болды. Қазірде де солай. Менің ойымша, біз, еркектер, экологиялық мәселені әйелдердей түсіне алмаспыз. Осы ретте сүйікті жазушым Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» повесі еске түсіп тұрғаны. Семей полигонына жақын маңдағы ауылдың трагедиясын, ел мен жердің трагедиясын бой тұрғысынан есейе алмайтын, мәңгілік бала болып қала беретін, мазлұм Ләйланың көзінен қалай керемет түсіндірген. Алайда Сатыбалды Нарымбетов повестегі Ләйланы да, ауылды да, экологиялық апатты да түсінбеген. Режиссурасы ақсақ, операторлық шеберлігі еліктегіш, актерлік шеберлік болса сатира (ал негізінде ең жақсы актерлермен актрисалар ойнаған). Мұның бар себебі, қайталап айтайын, экологиялық апатты әйелдердей сезіне алмауымыздан деп ойлаймын.

Өзбекстандық режиссер Умида Ахмедованың «Бремя девственности» атты фильмі Өзбекстан қоғамындағы жаңа түскен келіндердің драмасын тақырып етіп көтерген. Бұл мәселе біздің де қоғамымызда бар. Әлі күнге дейін алғашқы түн тек үйленген еркек пен әйелдің арасында қалмай, бүкіл қоғамның алдына жайылып салынатын ортақ жеке мәселеге (приваттыққа) ие. Бұл тұрғыдан мәселені режиссер Ахмедова этнографиялық, антропологиялық зерттеуші көзімен қолға алған.

Молдияр Ергебеков
Фото кейіпкердің Facebook парақшасынан

8 наурыз мерекесін қалай атап өту керек?

Ана болу әйелдердің табиғатында бар нәрсе, алайда барлық әйел ана емес. Әйелге ана ретінде қарау – оған жатыр тұрғысынан қарау, оған тек қана репродукция машинасы ретінде баға беру. Әйелдің ана болу-болмауы — өзінің жеке мәселесі. Алайда қоғамымыздағы бұл мәселе қаншама әйелдің басына қара бұлт болып үйірілуде. Әйелді «ана» деп бағалау — әйелге бұл өмірде үйдің ішінен ғана «орын беретін» көзқарас. Осылайша біз әйелдерімізді тегін үй жұмысы, шал-кемпірге қарау, бала бағу сынды «жұмыстармен» айналысуын, экономикалық тұрғыдан еріне тәуелді болуын қамтамасыз етеміз.

Сонымен қатар әйелге тек ана ретінде қарау ана бола алмаған / бола алмайтын әйелдер үшін үлкен психикалық зардап әкелуде. 8 наурызды аналар күніне айналдырған кезімізде, осыншама қатыгез болғанымызды біле бермейміз.

Сондықтан да 8 наурызды әйелдердің құқықтық мәселелері көп айтылатын күніне айналдыруымыз керек деп ойлаймын. Сонда ғана қоғамымыздағы гендерлік мәселелерге деген сезімталдық пен жауапкершілікті арттыра аламыз. Әйтпесе «әйел дегеніміз – ана» деп, жарымызға, қызымызға, әпке-қарындастарымызға, тіпті өз анамызға тек қана бір инструмент ретінде баға беретін албырттығымыздан арыла алмай күн кеше береміз, кеше береміз.

Қоғамда феминизмді матриархат деп қабылдайтындар бар. Феминизм деген не?

Феминизмнің үш ғасырлық тарихы бар. Өзге де классикалық идеологиялардың қатарынан орын алмаса да саяси идеология болып саналады. Феминизмнің ортақ бір анықтамасы жоқ. Өйткені бұл үш ғасыр бойынша талай-талай белестер мен асулардан өтті. Әртүрлілесті. Олай болса феминизмдер бар: либерал феминизм, марксист феминизм, анархист феминизм, экзистенциалист феминизм, исламист феминизм, экологиялық феминизм, радикал феминизм және т.б. Олай болса «феминизм дегеніміз мынау» деп айту өте қиын, десек те бұл феминизмдердің ортақ ерекшелігі бар: Патриархал жүйеге қарсы тұру. Өйткені бұл жүйе — қоғамның әлеуметтік және саяси-экономикалық жүйесін өз қолында ұстап тұрғандығы үшін әйелдерді таптайтын, еркектерді баптайтын жүйе.

Қазіргі таңда феминизм патриархал қоғам тәртібін сынға ала отырып, оны гендерлік теңдікке сезімтал болуға шақырады. Адам мен табиғатты билеу мен қанауға қарсы шығатын феминист сын, кез келген билеп төстеуші режимді де жау ретінде көреді.

«Әйел еркектің қабырғасынан жаратылған», «Әйел еркектен бір саты төмен тұруы керек» деген пікірдегілер оны қалай қабылдайды?

Әркім өзінің саналық дәрежесіне қарай қабылдайды. Ертегі арқылы да «ағара аласыз», ғылым арқылы да Ағара Аласыз. Мұның біріншісінің нәтижесінде ағару үрдісіңіз ертегіге айналады. Былтыр мені Ахмет Яссауиді зерттеген ер адам «Батысшылсың» деп кінәлаған болатын. Ал шындығына келер болсақ Орталық Азияда ер мен әйел теңдігін алғаш насихаттаған ойшыл (бәлкім) Ахмет Яссауи еді. Айтпағым мынау: Құдай бәрімізге ақыл сана берсін, әділеттілікті жақтай алатындай батылдық берсін!

2017 жылы «феминизм» ең көп айтылған сөздердің қатарында болған екен. Оған не себеп? Неге дәл осы уақытта феминизмге деген қызығушылық артты?

Менің ойымша қазіргі әлем өкінішке орай Үшінші Дүниежүзілік Соғыстың алдында тұр. Кеше ғана ойыншықтарын көрсетіп, мақтанып, мәз болған балаша соғыс қару-жарақтарын көрсетіп дипломатия мен өркениеттілікті жерге көмген Путиннің мәлімдемелерін көрдік. АҚШ болса қырғиқабақ соғыстан кейін есіріп, үшінші әлем үшін жасаған «демократия үшін соғыс» әрекеттерінің нәтижесінде анти-демократ Трампты президент етіп сайлап алды. Қазірде медиа фашизм мен нацизмнің агитаторы мен насихатшысына айналған. Құдды бір осыдан жетпіс-ақ жыл бұрын сұмдық соғысты, аштықты, фашизм мен авторитаризмнің жойқын нәтижелерін көрмегендей. Қысқасы еркектер тағы да бір соғысты бастап жіберердей.

Бүгін Тарковскийдің 1979-жылғы сұқбатын тамашаладым. «Ұлыма соғыс ойыншықтарын алып бермеймін»,- дейді ол. Демек барлық әке Тарковскийдің ойлағанын ойлай алмаған. Әсіресе қазіргі әлемдік масштабтағы лидерлердің әкелері…

Қазіргі таңда бейбіт өмір, экологиялық тазалық, қанаушылық бітсін, зорлық-зомбылық бітсін дейтін бір ғана идеология бар. Ол – феминизм! Бәлкім содан болар адамдардың медет іздеп интернеттен феминизм жайында білгілері келгені.

Біздің қоғамда феминизмді әйелдердің өзі дұрыс қабылдай алмай жатады. «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» дейтін көзқарасты менталитетімізге сіңіріп тастаған. Гендерлік тепе-теңдік орнауы үшін санамызды қалай трансформациялау керек?

Өкінішке орай солай. Адамдар – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан патриархал идеологияның құрбандары. Сіз айтып отырған үрдісті түсіндіретін көптеген көзқарас бар. Солардың бірі Дениз Кандиотидің «патриархализммен сауда» түсінігі. Бұл түсінік бойынша әйелдер патриархал көзқарасты сенгендіктерінен емес, патриархал жүйеде өмір сүре алу үшін алға тартады. Оларға солай жасау оңай. Егер патриархал жүйеге қарсы келсе, пайда болатын қоғамдық қысымнан жасқанады. Ал Марксизмнің көзқарасы бойынша бұл — қате сана. Яғни ғасырлар бойы қаналғандар осыншама уақыт үрдісінде қате санаға ие болады. Мысалы капиталист жүйедегі бір еңбекші өзінің құқының жоқтығын «тағдыр» ретінде бағалауы мүмкін. Сондықтан да «тағдырға қарсы келмей», өмір бойы өзінің маңдай терінің ақысын ала алмауы мүмкін. Дәл сол сияқты әйел де өзінің неліктен еркектей батыл бола алмайтынын, еркектей білім мен ғылымға үйір бола алмайтынын, еркектей еркіндіктерге ие бола алмайтынын тергемейді. Оның орнына «тағдырға» сенгенді құп көреді. Осылайша қате сананың жетегінде өмір сүреді.

Санамызды қалай трансформациялаймыз? Сыни көзқарасқа зәруміз. Толеранттылыққа зәруміз. Тыңдай алушылыққа зәруміз. Кешірім сұрай алушылыққа зәруміз. Жалпы этикаға сәйкес болуға зәруміз. Ең негізгісі сұрақ қоюға және ғылым мен білімге құштар болуға зәруміз. Бұларды жасауды үйрену үрдісінде санамыз трансформацияға ұшырайды.

Молдияр Ергебеков
Фото кейіпкердің Facebook парақшасынан

Өзіңіз феминистік көзқарасқа қалай келдіңіз? Ол сізге және сіздің айналаңыздағыларға не берді?

Ата-анамнан, яғни жанұядан бастау алады. Десек те феминизмге, гендерлік теңдікке деген сенімім Анкара университеті Радио-теледидар-кинематография бөлімінде магистратура және докторантура оқыған 10 жылда қалыптасып, түбегейлі түрде орнықты. Өйткені ұстаздарым өте көп оқытатын. Сабақтарымыз пікірталасқа толы өтетін. Зерттеулер жасайтынбыз. Яғни гендерлік теңдікке теориялық және эмпирикалық зерттеулер(ім) мен бақылаулар(ымның) нәтижесінде келдім.

Айналамдағыларға не бергенін білмеймін, ал маған не берді? Өзгенің жарасын таңуды, өзгенің дертін сезінуді берді; еркіндігімнің тек өзгенің еркіндігі арқылы ғана іске аса алатынын түсінуіме жол ашты.

Халықаралық әйелдер күніне тілегіңіз…

Ертең Путин шығып: «Әзілдедім, ешкімге қырғиқабақ қыр көрсеткенім жоқ. Мұндай қаруды жасағанша елімізде мектептер мен үйлер салғанымыз артық. Осындай жөнсіз әзілім үшін әлем жұртшылығынан кешірім өтінем»,-десе күшті болар еді.

Мен бір қыз баласының әкесімін. Қызыма батыл болуды, ғылым мен білімге құштар болуды, еркектермен және барша жанмен тең болуды, өзін және басқаларды сыйлай білуді, сүйе білуді үйретумен бірге, күле білуді, би билеуді, бақытты болуды үйреткім келеді. Оның әлемді шарлағанын қалаймын. Ол үшін бейбіт өмірді орнатуым керек. Бұл үшін қолымнан келген барлық нәрсені жасаймын.

Барша әйелдер мен еркектерді бейбіт, тең, қанаушылығы жоқ, әділетті қоғам мен өмірді құруға шақырамын. Бұл соншалықты қиын нәрсе ме? Егер теңдікке, әділдікке сенер болсақ ше?

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.