Әскери байланысшы деген кім, оның қызметі қандай? Институт қалай құрылып еді? Оқу орны осы күнге дейін қанша офицерді дайындап шығарды? Олар қайда қызмет атқарып жүр? Baribar.kz әскери институтта қонақта болып, осы сұрақтарға жауап алды.

Бұл саладан бұрынғы қызметкерді шеттетпейді

Елімізде қорғаныс саласындағы көп ақпарат елге жария етілмейді. Қорғаныс министрлігін былай қойғанда, әскери оқу орындары мен мектептердің өзіне емін-еркін кіріп-шыға алмайсыз. Еліміздегі кез келген әскери мекемеден қандай да бір ақпарат немесе сұхбат алу үшін алдымен Қорғаныс министрлігіне хат жазасыз. Мұндай шаруалар министрліктің пәрменімен ғана жүзеге асады. Қорғаныс саласының мұнша жабық болуының сыры да жоқ емес, бұл ең алдымен өз қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды. Әскери қызметкерлердің де көбі ағынан жарылып, әңгіме айта бермейді. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына да министрліктің арнайы рұхсатымен бардық. Толық тексеруден өтіп, алып кіруге тыйым салынған заттарды тапсырып қана институт аймағына кірдік. Мекеме басшылығының арнайы рұхсатымен өзімізбен кәсіби фотоаппарат пен диктофонды ғана алдық. Бізді баспасөз қызметінің басшысы, запастағы майор Ербол Әлібаев қарсы алды. Ол қазір запастағы майор болса да, әскери қызметін жалғастырып келеді. «Әскери қызметкер болудың артықшылығы — бұрынғы қызметкерді бұл саладан шеттетпейді. Өзі қалап тұрса, қолынан келетін қызмет ұсынады», — дейді өзі. Ербол Әлібаев институтты түгелдей аралатып қана қоймай, оқытушылар мен курсанттармен таныстырып, олардың сабақтарына қатыстырып, жатақханаларын көрсетті. Бізге сөйтіп әскери өмір мен оқуды барынша жеткізуге тырысты.

17 қазанда институтымыз өзінің 17 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік кеште генерал-майор Мүбәрак Орынбеков, авиация генерал-майоры Анатолий Старыш және БАҚ өкілдері қонақ болды. Осы маңызды күні үздік көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерге институт басшысы әскери шен тапсырып, алғыс жариялады, — дейді Ербол Әлібаев.

Әскери-инженерлік институт
Фото әскери институттың баспасөз қызметінен

Одан әрі әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, майор Руслана Құсайынова бізге әскери институттың қалай құрылғанын, оған кімдердің атсалысқанын және Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелер мен тапсырмаларға қатысты ойы мен оған инситуттың қосып жатқан үлесі туралы айтып берді.

Руслана Құсайынова: Институттан 1872 офицер түлеп ұшты

Әскери-инженерлік институт
Руслана Құсайынова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

1991 жылы елімізде офицерлік кадр мамандарын дайындайтын екі әскери оқу орны ғана қалды. Бірі — Кеңес Одағының маршалы И.С.Конев атындағы Алматы әскери жалпыкомандалық училищесі болса, екіншісі Ф.Э.Дзержинский атындағы шекаралық командалық училище еді. 1994 жылы Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесінде ұшқыш-техниктерді дайындайтын Әскери әуе күштерінің факультеті ашылды. Еліміздің қорғаныс күшін нығайту үшін әскери оқу орындары да, мамандар да жеткіліксіз болды. Осы кезде зениттік зымыранды, радиотехникалық әскерлер, радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімдері, байланыс әскерлері мен автоматты басқару жүйесінің мамандарын дайындайтын төл әскери оқу орнының қажеттігі сезілді. Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы, армия генералы, Халық қаhарманы Мұхтар Алтынбаевтың атсалысуымен 2001 жылдың 15 қазанында Авиация академиясының әскери факультеті жанынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылды. Қорғаныс министрінің нұсқауымен әскери институттың орны, штаттық құрылымы мен негізгі жеке құрамның оқитын орны бекітілді. Әскери институттың бірінші басшысы болып полковник Асылхан Сағанаев тағайындалды. Ал қазір институтты полковник Асқар Досбосынұлы Мұстабеков басқарады.

Әскери институттың қабырғасын қалауға және нығайтуға сол кездегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басшысы, генерал-майор Оқас Сапаровтың және генерал-лейтенант, қазіргі Мәжіліс депутаты Абай Тасболатовтың еңбегі зор болды. Негізгі ауыртпалық институттың оқу бөліміне түсті. Бөлімнің офицерлері аз уақыт ішінде оқу үдерісінің бар құжатын рәсімдеп, оқу нысандарын дайындады. Институттың оқу әдебиеттерін, әдістемелік құралдарын шығаруға подполковник С.Воробьев, И.Сеитов, В.Горбачев, прапорщик Т.Кокидько және кіші сержант И.Некрасовалар күш салды.

Қазір Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты «Радиобайланыс және радионавигация», «Радиотехника, көпсалалы және бір салалы зенитті-зымыранды әскерлер», «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері», «Радиоэлектрондық күрес және радиоэлектрондық барлауды ұйымдастыру», «Автоматты басқару жүйесі», «Байланысты ұйымдастыру мен радионавигация», «Ақпараттық технологияның қауіпсіздігін ұйымдастыру» мамандықтары бойынша Қазақстан Қарулы Күштері мен басқа да қуатты құрылымдарға мамандар дайындап келеді. Биылдан бастап институт киберқауіпсіздік саласы бойынша мамандарды оқытуды да қолға алды. 2002-2018 жылдар аралығында институт қабырғасынан 1872 офицер түлеп шықса, оның 192-сі оқуды үздік аяқтады. Биыл институт тарихында алғаш рет 51 курсант оқуды үздік дипломға бітірсе, оның 11-і алтын медаль иегері атанды. Бұл — 11 түлектің бір төрттік бағасы болмаған деген сөз. Сонымен қатар 18 түлек мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Инситутты үздік бітірген курсанттар
Фото әскери институттың баспасөз қызметінен

Институт түлектері еліміздің барлық әскери гарнизонында қызметін жарғыға сай адал атқарып жүр. 300-ден аса түлек жеке радиолокациялық рота командирлерінен бастап, дивизион командирі, бригада командирі қызметтерінде борыштарын атқарып жатыр. 165 офицер Президент күзет қызметі, ҰҚК, Ұлттық Ұлан, Шекара қызметі, төтенше жағдайлар саласында және Ішкі істер министрлігінде жұмыс істеп жүр.

Әскери-инженерлік институт
Фото әскери институттың баспасөз қызметінен

Институтымыздың 90%-ы цифрлық технологияға көшті

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға, білім-ғылым, инфрақұрылым, тағы басқа салаларға көп көңіл бөледі. Елбасы алдыңғы жылға есеп беріп, келешекке жаңа міндеттерді қояды. Оның барлығының халық үшін маңызы зор. Биыл да өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу үшін Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Соның ішінде білім және медицина салаларына баса назар аударып, ІЖӨ-нің 10%-ын осы салаларға бөлу туралы сөз қозғады. Бұл — өте дұрыс шешім. Себебі XXI ғасыр — ғылым мен білімнің заманы. Алып мемлекеттер мен ірі державалар осы салаға басты назар аударып отыр.

Әскери ғылым — білім беру саласының маңызды бөлігі. Мемлекет қауіпсіздігіне Елбасы әр Жолдауында басты назар аударады. Мысалы, 1997 жылғы ең алғашқы Жолдауында бірінші басымдық ұлттық қауіпсіздік деп көрсетті. Ұлттық қауіпсіздіктің басты тірегі, кепілі — Қарулы Күштер.  Біздің әскери институт Жолдауда көрсетілген басымдықтарды назарға ала отырып, маман дайындап келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы Жолдауында «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құры­ла­тын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіс­піз. Бұл — маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді бан­кинг, цифрлы қызмет көрсету секіл­ді денсаулық сақтау, білім беру ісін­де қол­данылатын және басқа да перспек­тивалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», — деп нақты бағдар берген еді. Осы Жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша нақты жұмыс атқарылып жатыр. Оған мысал ретінде институтымыздың 90%-ының цифрлық технологияға көшкенін айтуға болады. Оқу барысында қолданылатын құрал-жабдықтар мен әскери техникалардың барлығы қазіргі заман талабына сай, олардың мүмкіндігі жоғары. Әскери құрал-жабдықтарды Франциядағы Thales фирмасы мен өзіміздің Алатау ауылында Израиль технологиясы бойынша әзірлейтін Tadiran компаниясынан аламыз.

Байланыс әскери техникалары кафедрасының доценті, подполковник Өркен Дүйсембеков бізге әскери институтқа курсанттардың қандай талаптар бойынша қабылданатыны туралы айтып берді.

Өркен Дүйсембеков: Психологиялық сынақтан сүрінетіндер көп

Әскери-инженерлік институт
Өркен Дүйсембеков. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Институттың базасында Әскери оқу орталығы жұмыс істейді. Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылындағы әскери гарнизонда оқу орталығының полигоны бар. Институтта жоқ әскери техникалардың барлығы сол жерде орналасқан. Оқуға түскісі келетін үміткерлер сол гарнизонда тұрып, барлық сынақты сол жерде тапсырады. Ал оқуға қабылдауға қандай талаптар қойылады дегенге келсек, институтқа 11-сыныпты және әскери мектепті бітірген 18-24 жас аралығындағы азаматтардың бақ сынауға мүмкіндігі бар. Қорғаныс министрлігінің тарапынан арнайы комиссия құрылып, үміткерлердің білім көрсеткіші, психологиялық деңгейі және дене дайындығы тексеріледі. Байланыс және инженерлік институты болған соң үміткердің математика-физика пәндерінен дайындығына да аса мән беріледі. Бірақ ҰБТ-дан жоғары балл жинаса да, психологиялық тестілеуден сүрінетіндер көп. Конкурс кезінде «Алтын белгімен» оқу бітіргендер, халықаралық олимпиада жүлдегерлері және жалпы білім алу пәндері бойынша ғылыми жарыстардың ( I, II, III дәрежелі дипломы барлар) жүлдегерлері, сонымен қатар республикалық пәндік олимпиада және спорттық сайыстардың жеңімпаздарына сертификат ұпайына қосымша балл қосылады. Сонымен қатар әскери қызметкердің ұлдарына да жеңілдіктер қарастырылған.

Курсанттар институтта 5 жыл тегін оқып, білім алады. Жататын жері, тамағы, киетін киіміне дейін мемлекеттің есебінен төленеді. Ал оқуды бітіргеннен кейін бастысы олар жұмыс іздеп, сабылмайды. Барлық түлек қолдарына дипломмен бірге жолдаманы қатар алады. Онда курсанттың қай жерде жұмыс істейтіні көрсетіледі. Олар қай әскери бөлімге аттанатынын қолдарына жолдаманы алғанда ғана біледі. Жыл сайын әскери бөлімдерден, күштік құрылымдардан қай сала бойынша қанша маман керек екені айтылады.

Әскери-инженерлік институт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Егер курсант белгілі жағдайларға байланысты оқудан шығып немесе бітірген соң әскер саласында жұмыс істегісі келмесе, оқу кезіндегі барлық шығынын мемлекетке толық қайтаруға міндеттеледі. Ондай жағдай әзірше институт тарихында болған жоқ. Сондықтан әскер саласын таңдаған адам жан жақты ойланып, өзін осы салаға арнап келуі керек. Оқуды жаңадан бітірген курсант взвод командирі болып қызметін бастайды. Әскери қызметкер бір мекемеде бес жыл қызмет атқарады, одан соң басқа жерге ауыстырылады. Ондай кездерде қызметкердің отбасына, өзіне көшіп-қонуына барлық жағдай жасалады.

ҰҚШҰ аясында қырғыз азаматтарын да оқытамыз

Биыл 169 курсантты оқуға қабылдадық. Оның 166-сы Қазақстан азаматы болса, үшеуі Қырғыз Республикасынан келген. Институт Орталық Азиядағы әскери байланысшылар мен инженерлерді дайындайтын жалғыз оқу орны болғандықтан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының аясында Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасында арнайы келісімшарт жасалған. Сол  келісім бойынша Қырғыз азаматтарын да оқытуға мүдделіміз. Келесі жылдан бастап Өзбекстан және Тәжікстаннан байланыс саласының қызметкерлерін дайындауды қолға аламыз. Бұған дейін бұл маман иелері Ресейде оқытылған. Бірақ Ресейде оқыту біраз қаржыны талап етеді. Қырғыз Республикасынан оқуға қабылданатын азаматтар барлық сынақты өз елдерінде тапсырып, оқуға түскендері Әскери анттарын қабылдап, бізге тек білім алу үшін келеді. Біздің міндетіміз — оларды оқытып, маман етіп дайындау. Қазір институтта Қырғызстанның 15 азаматы білім алып жатыр. Курсанттар 1-курсты бітірген соң шетелдерде білімін жетілдіре алады. Ол үшін де оқу жетістіктерін бағалайтын комиссия құрылады. Комиссия оқуда үздік нәтиже көрсеткен студенттерді таңдап, шетелдегі әскери оқу орындарына жібереді. Былтырғы оқу жылында 15 курсантымыз Ресей, Беларусь мемлекеттерінде басқа әскери мамандықтар бойынша білімін жетілдіріп келді.

Әскери байланыс мамандығының 4-курс курсанты Нұрсұлтан Әнуар бізге әскери байланысшының немен айналысатынын, бұл салаға қалай қызыққанын және курсанттың институттағы бір күні қалай өтетіні туралы әңгімелеп берді.

Нұрсұлтан Әнуар: Байланыс білімі болмаса, әскерге басшылық ету де мүмкін емес

Әскери-инженерлік институт
Нұрсұлтан Әнуар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әскери байланыс ұрыста әскерлерді дұрыс басқарудың негізі болып есептеледі. Әскери байланысшы бұйрықтарды, жарлықтарды, хабарлар мен белгілерді қабылдайтын және кері жеткізетін жабдықтар мен тәсілдерді меңгерген әскери маман. Ұрыс кезінде байланыс болмаса, әскерге басшылық ету де мүмкін емес. Байланысшы қарамағындағы әскерлерге үздіксіз басшылық жасап, олардан хабар алып отыруын қамтамасыз етеді. Одан басқа, Қарулы Күштер түрлерінің белгілі бір мақсатқа арналған әскерлерінің және көршілес әскер бөлімдерінің өзара бірлесіп ұрыс жүргізуіне атсалысып, әскерлерге қарсыластың атом қаруын қолдануы мен әуе шабуылы туралы дер кезінде хабарлап отырады. Сонымен қатар әскери байланысшы тылға үздіксіз басшылық жасап, әскерді техникамен жабдықтауды ұйымдастырады.

Әскери-инженерлік институт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мұндағы әр уақытымыз есептеулі

Бұл салаға біреудің айтуымен келген жоқпын. Отбасымда әскери адам да жоқ. Кішкентайымнан әскери форма киген адамдарға қызығатынмын. Қарағандыдағы Т.Бигелдинов атындағы әскери мектепті бітіріп, бірден осы институтқа оқуға қабылдандым. Институттағы әр уақытымыз есептеулі. Мұнда тек әскери техникамен жұмыс істеп, дене дайындығымен айналыспаймыз. Өзім ағылшын тілін жетілдіремін. Осы оқу жылынан бастап түрік тілін оқуды қолға алдым. Домбыра, гитарада ойнаймын. Одан өзге, институтта «Патриот» ғылыми-дебат клубы, «Бес қару» әскери-патриоттық және «Барыс» әскери-психологиялық клубтары жұмыс істейді. Қалалық және республикалық деңгейлерде өнер көрсетеміз. 2011 жылы «Байланыс жігіттері» және «Престиж» көңілді тапқырлар клубы құрылып, әлі күнге дейін курсант достарым Ұлттық лигада үздіктер қатарында өнер көрсетіп жүр. Жуырда ғана курсанттар Түркістандағы Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінде «Болашаққа бастар жол: рухани жаңғыру» атты республикалық пікірсайыс турниріне қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді.

Әскери-инженерлік институт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
Әскери-инженерлік институт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Курсанттың бір күні қалай өтеді?

Ұйқыдан 06.00-де ояна салысымен таңғы жаттығуға кірісеміз. Содан кейін таңғы ас ішіп, таңғы 08.30-дан түскі 14.30-ға дейін сабақтарға қатысамыз. Дәрістер біткен соң түскі ас ішіп, әрқайсымызға бос уақыт беріледі. Бұл уақытта курсант өзі қалаған ісімен айналысып, тынығуына да болады. Содан кейін келесі күннің сабақтарына дайындалып, кешкі асын ішеді. Кешкі тексеріс біте салысымен ұйқыға жатамыз. Апта соңында кезекпен қалаға сейілдемеге шығып тұрамыз. Қысқы емтихандарды тапсырып біткен соң 15, ал жазда 30 күн каникулға шығамыз.

Әскери-инженерлік институт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мұнда бізге әскери байланыс саласын меңгеруге барлық жағдай жасалады. Болашақта өз мамандығым бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет еткім келеді. Бірақ мен үшін еліміздегі кез келген әскери бөлімде, Қарулы күштерінде жұмыс істеу — үлкен абырой.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!