Астана әкімдігі туберкулезбен күресті жеделдетті

Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Stop TB Partnership әріптестігінің атқарушы директоры, дәрігер Лучика Дициу Zero TB бастамасына қосылу туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл бастама туберкулезді анықтау мен ерте диагностикалауды жеңілдетуге, өлім-жітім мен туберкулездің таралуының көрсеткіштерін төмендету үшін қосымша қаржылық, техникалық және клиникалық ресурстарды жұмылдыруға көмектеседі.

Жалпы аталған бағытта қала басшылығы үлкен жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы жылдары туберкулездің деңгейі 4 есеге дейін төмендеді. Мұндай меморандум бізге жаңа ақпараттармен, жаңа шешімдер жасауға көмектеседі, — деді Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.

Stop TB серіктестігінің директоры, доктор Лучика Дициу туберкулезбен күресуді бірден республика көлемінде емес, жергілікті биліктің жұмысынан бастаудың тиімді екенін айтты.

Біз туберкулезбен күресте нөлдік көрсеткішке жетудің ұлттық деңгейде қиын екенін түсіндік. Сондықтан, бұл аурумен күресуді алдымен шағын территориядан бастауды жөн көрдік, бұл қаржыландыру жағынан да ұтымды. Біз қалалармен жұмыс жасауға ниеттіміз, себебі нәтижесін көріп отырмыз. Бұл үлкен қалалардың өзінде де нақты нәтижелер әкеледі, — деді ол.

Декларация туберкулезбен ауыратын, бірақ оны өздері білмейтін науқастарды анықтауға бағытталады.

Біз үшін диагностикаға акцент беру өте маңызды. Біз жергілікті билікке құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек сатып алуға көмектесеміз. Сондай-ақ гранттық қаржыландыру да қарастырылған, — деді сарапшы.

Қаладағы туберкулез туралы толық ақпаратты Астананың туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Анна Цепке айтып берді.

Соңғы жылдары Қазақстанда және Астанада да туберкулез бойынша эпидемилогиялық көрсеткіш айтарлықтай жақсарды. Қалада 10 жыл ішінде туберкулез 4 есе төмендеді. Қазір Астанада жыл сайын бар жоғы 400 жаңа ауру тіркеледі. Біз қазір туберкулезді ерте бастан анықтауға баса мән беріп отырмыз. Бұл басты профилактика, осылайша біз эпидемилогияның жолын кесеміз. Табыс осында жатыр. 2016 жылдан бастап Астанада жаңа туберкулезге қарсы емдеу үшін препараттарды іске қостық. Оның нәтижесі тиімді және Астана бойынша туберкулез төмендеді, — деді бас дәрігер.

Ұлттық фтизипуллмонология ғылыми орталығының директоры Мәлика Әденованың айтуынша, кімнің иммунитеті төмен болса, соның ауырып қалуы қаупі жоғары. Тәуекел тобында көбіне халықтың әлеуметтік жағдайы нашар тобы мен ішімдік, есірткі, баспанасы жоқ қаңғыбастар тұр.

Туберкулезді тек дәрігер емес, кез келген адам анықтай алады, яғни туысқандары, достары, ұжымы. Аурудың белгісі – тез салмақ тастау, тәбеттің жоғалуы, ұзақ жөтел 2 аптаға созылады, аздап температура көтеріледі, адам түнде терлейді. Сол кезде мұның туберкулез екенін ойланып, дәрігерге тексерілуге келуі керек, — дейді Анна Цепке.

Zero TB декларациясы Астананың әлеуметтік сипаттағы аурулармен күрес жөніндегі халықаралық деңгейге шығуына маңызды қадам болады деп жоспарланды. Оның тәжірибесі одан әрі әлемнің басқа қалаларында да қолданылуы мүмкін.