Қазақстан мен Сингапур халал индустриясын бірлесе дамытады

Сингапур Қазақстанның этносаралық және дінаралық келісімді сақтау мен наисхаттаудағы тәжірибесіне қызығып отыр. Бұл туралы ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын Сингапурдың Қазақстандағы елшісі  Зулкифли бин Бахарудинмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы діни және этносаралық келісімнің, азаматтық қоғамды дамытудың, жастар саясаты мен министрліктің құзыретіне кіретін басқа да салаларда ынтымақтастық орнатудың жолдарын талқылады.

Берік Арын мен Зулкифли бин Бахарудин
Берік Арын мен Зулкифли бин Бахарудиннің кездесуі. Фото: ҚДМ баспасөз қызметі

Берік Арын Сингапур тарапын  ведомство қызметінің негізгі бағыттарымен — түрлі этникалық топ пен дін өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның табысты тәжірибесімен таныстырды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқы ассамблеясын құру арқылы бірлік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастыру жөніндегі бастамалары мен жуырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі туралы  айтып берді.

Сингапур дипломаты көпұлтты елдің бейбіт әрі тұрақты дамуын қамтамасыз еткен Қазақстандағы ішкі саясатқа жоғары баға берді. Елші Қазақстанның осы тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытып, осы салада тұрақты тәжірибе мен ақпарат алмасу мақсатында тығыз байланыс орнатуды, соның ішінде Сингапурдың Қазақстандағы Құрметті консулдығы арқылы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.

Кездесудің қорытындысы бойынша қос тарап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сингапурдың Halal Quality орталығы арасында бекітілген меморандум шеңберінде халал индустриясын дамыту,  жастардың арасында волонтерлік қызметін дамыту мен өзектендіру, азаматтық қоғам институттарына жәрдемдесу, тұрақты даму мақсаттарын қамтамасыз ету, діни экстремизм көріністерін болдырмау сияқты салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.