Қызылорда облысында жергілікті уақыт 1 сағат артқа ауыстырылуы мүмкін

Қызылорда облысында уақытты бір сағат артқа қою көзделіп отыр. Тиісті Үкімет қаулысы жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулы жобасы Egov.kz порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 2018 жылдың 8 қарашасына дейін жалғасады.

Қызылорда облысы әкімдігі 20 желтоқсаннан 21 желтоқсанға қараған түні (сағат 00.00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын, — деп жазылған қаулы жобасының 3-1-тармағында.

Құжат жобасы бойынша ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесе отырып осы қаулы күшіне енген кезде халықты Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы хабардар етуі керек.

Айта кетейік, еліміздің аумағы төртінші және бесінші сағат белдеулерінде орналасқан. Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына сәйкес, сағаттық белдеулердiң шекарасы Ақтөбе облысы мен Қостанай облысының, Ақтөбе облысы мен Қарағанды облысының, Қызылорда облысы мен Қарағанды облысының, Қызылорда облысы мен Түркістан облысының арасында өтедi.