Ақтөбе облысында 400-ден астам білім гранты бюджетке қайтарылды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті білім саласындағы жемқорлыққа тосқауыл қою әрекеттерін арнайы конференцияда талқылады.

Департаменттің мәліметінше, конференцияға облыстың 400 педагогы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Этика жөніндегі кеңестің жетекшісі Расул Медетов, облыстық білім департаментінің басшысы Ләззат Оразбаева және басқалар қатысты. Басқосуда әлеуметтік желілерде талқыланған мектептердегі ақша жинау, Ұлттық бірыңғай тестілеуге ақылы дайындық өткізу және мектептердің артық құжат талап етуі сияқты мәселелер талқыланды.

Жиында арнайы мониторинг тобының жетекшісі Тәттігүл Талаева колледждерге грант бөлу және студенттер жатақханаларында заңсыз тұрып жатқан адамдарды анықтау жөнінде БАҚ өкілдерінен құралған бақылаушылармен бірге жүргізілген жұмыс туралы баяндады. Ол облыста тұңғыш рет 439 мемлекеттік білім гранты бюджетке қайтарылғанын, сөйтіп мемлекет қаржысы үнемделгенін айтты.

Шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет өкілдері  мұғалімдерге оқушылар мен ата-аналар беретін кез келген сыйлықтан бас тартуға кеңес берді.