ДДСҰ басшысы: Адам денсаулығы ешқашан саясаттың ойыншығына айналмауы керек

Астанада өтіп жатқан Бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференцияға қатысқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус соңғы 40 жылда әлемде денсаулық сақтау саласы бойынша қандай өзгерістер болғанын айтты.

1978 жылдан бері ана мен бала өлімі 2 еседен көп азайды. Дегенмен Жер шарының жартысына бастапқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді емес. Жер бетінде 150 миллион адам қайыршылықта өмір сүріп жатыр, — деді Гебреисус.

ДДСҰ басшысы ол соңғы 40 жылдан бері әлем саяси, мәдени, әлеуметтік тұрғыда өзгергенін айтты.

Не өзгерсе де, денсаулық тұрғысынан ештеңе өзгерген жоқ. Әр адам жақсы денсаулыққа лайық. Денсаулық еңбектенсең ғана қол жеткізуге болатын сый емес, қалыпты жағдай болуы керек. Себебі денсаулық — отбасының, қоғамның негізі. Адам денсаулығы ешқашан саясаттың ойыншығына айналмауы керек, керісінше, саясат денсаулық саласын дамытуға өз үлесін қосуы керек, — деді Тедрос Аданом Гебреисус.

Ол медицина саласының болашағына сеніммен қарауға болатын үш себепті атап өтті.

Біріншіден, медицина саласында серіктес болатын мүмкіндік көп, яғни серіктестіктің жаңа эрасы туды. Екіншіден, денсаулық сақтау саласына жаңа мүмкіндік беретін жаңа технологиялар дамып жатыр. Үшінші, денсаулыққа қатысты мақсаты бір адамдардың көп екеніне көзім жетіп келеді. Бұл конференцияға мақсаты, мүддесі бір адамдардың жиналғанын көріп отырмын. Біздің үміт — сіздер. Келесі күнді, келесі жылды күтпей, адам денсаулығын жақсартуды бүгіннен бастайық. Денсаулық саласына қатысты мүмкіндікті пайдалануды, болашақша жоспар құруды үйренуіміз керек. Тарихты өзгертетін сәт келді, — деді ол.

Бүгін Астанада Бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференция басталды. Оған 146 мемлекеттен медицина саласының басшылары мен мамандары келді. Олардың қатарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус, ЮНИСЕФ атқарушы директоры Генриетта Фор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якаб бар. Шараның ашылуына видеоүндеу жолдаған Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастықты халық денсаулығын қолдауды мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналдыруға шақырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және Қазақстан Үкіметі бірлесіп ұйымдастырған жаһандық конференция Бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған.

ДереккөзBaq.kz