Елжан Біртанов еліміздегі дәрігер тапшылығының сырын ашты

Қазақстанда медициналық жоғары оқу орындарын бітіретін түлектердің саны бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлеріне деген сұраныс көлемінен артады. Дегенмен өңірлерде маман жетіспейді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, өңірлерде 40%-ға дейін дәрігерлер жетіспейді, ал қазіргі дәрігерлердің 60%-ы 4-5 жылдан кейін зейнетке шығады. Кадр жетіспеушілігі мәселесін Денсаулық сақтау министрі де растады. Ол бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін мысалға келтірді. Осыған байланысты медициналық учаскелердің санын 1,5 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Ол үшін 1,5 мың дәрігер мен 4,5 мың медбике қажет болады.

Түлектеріміз жетіп артылады. Тіпті, оқуға қабылдауды азайта бастадық, біздің елде жан басына шаққандағы кадрлармен қамту деңгейі дамыған елдерден асып түседі. Алайда дәрігерлер баруы керек жерлерге бармай, тіпті олардың өз мамандығымен жұмыс істемейтін кездері болады, — деді министр Парламентте денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасына  енетін түзетулерді таныстыру кезінде.

Сол себепті 2019 жылдан бастап Қазақстандағы түлектер өңірлерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Елжан Біртанов бұл механизмді енгізу арқылы сектордағы кадр жетіспеушілігін азайтуға болады деп отыр. Министрдің айтуынша, кадр жетіспеушілігіне тек ел ішіндегі көшіп-қону емес, сонымен бірге азаматтардың шетелге кетуі себеп болуы мүмкін.

Қазақстандағы негізгі мәселе — еңбекақының аздығы. Бұл проблеманы шешу үшін келесі жылдан бастап бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға көтеру жоспарланған. Дегенмен бұл барлық қызметкерге қатысты болмайды, науқастарды бақылаудың жаңа әдістеріне (балаларды  үйде бақылау, жүкті әйелдерді тексеру) көшіп, жақсы жұмыс істеген дәрігерлерге ғана жағдай жасалады.

ДереккөзInform.kz