Ұлттық банк бағаны тұрақтандыру шараларын қолға алады

Ұлттық банк баға мен қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет шараларды қолға алады. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов ҚР Парламенті Сенатының отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол қаржы реттеушісінің негізгі мақсат баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылдық инфляцияны белгіленген нысаналы ауқымда сақтау екенін айтты.

Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Қазақстан Ұлттық банкінің бағалауынша, 2018 жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде қалады, ал 2019 жылы ол 4-6% дәлізінің жоғары шегіне жуық қалыптасуға тиіс. Алпысбай Ахметов депутаттарға 15 қазаннан бастап базалық мөлшерлеме 9%-дан 9,25%-ға дейін көтерілгенін еске салды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит жағдайларын сақтауға мүмкіндік береді.

Жылдың басынан бастап 23 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 8,7%- ға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 361,15 теңге болды. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының нығаюы. Екінші фактор — Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі қатаңдату туралы хабарлау, — деп түсініктеме берді Алпысбай Ахметов.

Оның айтуынша, Қазақстан Ұлттық банкінің алтын-валюта резервтері қыркүйектің соңында алдын ала деректер бойынша 30 миллиард долларды, Ұлттық қордың активтері 56,3 миллиард доллар болды. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 миллиард доллар болды.

Осы жылдың 8 айында депозиттер 1%-ға — 17,7 триллион теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 4,1% немесе 380 миллиард теңге болды. Шетел валютасындағы депозиттер 2,5%-ға немесе 210 миллиард теңгеге төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 46%-ға дейін төмендеді. Кредиттеу нарығы қалпына келіп жатыр. Жыл басынан бері банктердің кредиттері тамыздың соңында 2,5%-ға 13 триллион теңгеге дейін ұлғайды, — деді Алпысбай Ахметов.

Ол қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 11,6%-ға немесе 1,3 триллион теңгеге бағаланғанын айтты.

Осы жылдың 8 айында жаңа кредиттер беру 28,1%-ға немесе 1,9 триллион теңгеге өсті. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы тамызда 12,2%-ға дейін төмендеді, — деді Алпысбай Ахметов.