Сәнқой болу айып емес

«Сән», «стиль», «тренд» соңғы кезде көп естілетін, әр жерде жазылатын сөздер болғанымен түп мағынасына мән бере бермейміз. «Киіміне қарай сәлемі» деген тұрақты тіркесті де көбі өзгеше қабылдайды екен. Осыған дейін «Киіміңе қарап қарсы алса, ойыңа қарап шығарып салады» деген сөз «Киімің жайлы көп ойлама, ойыңды түзе, ақылды бол» деген ойға саяды деп келдік. Бұл мақал славян халықтарына тиесілі және мағынасы басқа. Бұрынғы заманда адамның киімі оның қай елдің тұрғыны, ру-тегін айқындайтын таңбасы іспетті болған. Қазақ әдебиетінен де бай ауылдың баласын немесе ұзатылар қызды киіміне қарай сипаттайтынын білеміз.

фото: foto-basa.com

Қазіргі заманда киіміне қарап адамның тек әл-ауқатын емес, оның қай бағыттағы әнді тыңдайтынын, қызығушылығы мен өмір салтын да бағамдай аламыз. Айналаңыздағылардың сіз жайлы пікірін дұрыс деп есептемесеңіз, сізді жаңа орта ойыңыздағыдай қабылдамаса, адамдарға тартымды болып көрінбесеңіз,  киіміңіз бен стиліңіз туралы ойланатын сәт туды. Елемей-ақ жүре беруге болатын кейбір кішкентай детальдарды өзгертіп, үлкен бетбұрыс жасай аласыз. Ол үшін, әрине, біздің стиль жайлы нұсқауларымызды оқып, мақала соңындағы үй тапсырмаларын орындап жүріңіз.

Сәнқой болу бар, стильді болу бар

Ең алдымен, сәнқой адам мен стилі бар адамның айырмашылығын ұғып алайық. Сәнқой адам әрдайым соңғы трендтен қалмауды ойлайды. Оның образында міндетті түрде трендтегі екі-үш зат болады. Егер осы маусымда қысқа шаш үлгісі сәнде болса, ол жараспаса да, шашын қысқартады немесе сәнде сары түс болса, ол өңін ашпаса да, басынан аяғына дейін «сары балапанға» айналады.

Ал өзіндік стилі бар адам ше? Оның жылдар бойы өзіне ғана тән образы болады. Мысалы, 30 жылдан бері америкалық сән журналы Vogue-ты басқарған Анна Винтур 50 жыл қатарынан өзінің боб-каре үлгісінен таймаған. Оның шаш үлгісі — айқындаушы белгісі.

Әр адам өзіне жарасатын ерекше бір детальды айқындаушы белгісі ете алады. Мысалы, біреуге мойнына шарф, орамал тағып жүрген ерекше жарасады, енді біреуге қара түс пен қатал фасон, ал енді біреуге қолаң шаш пен қызыл түсті далап ерекше стиль беретін шығар. Стиль дегеніміз — жылдар бойы қалыптасатын, бізді айқындайтын, ерекшелейтін белгіміз. Оны іздеп тауып, өміріңізге енгізу магистратура сияқты. Міндетті емес, алайда маңызды нәрселерге әсер етеді.

фото: Vogue.com

Алғышарт

Сонымен, стильді болу үшін бірден қымбат киім алып, фэшн көрмелерге барып сабақ алу қажет емес. Әліппесін уақыт диаграммаңыздан бастайық. Осы арқылы бір айда уақытыңыздың көп бөлігі қайда жұмсалатынын көреміз. Мысалы, егер кеңседе жұмыс істейтін отбасылы адам болсаңыз, онда сіздің уақыт диаграммаңыз мынадай болуы мүмкін:

Стильді болу дегеніміз — ең біріншіден, орынға, жағдайға сай киіну. Енді диаграммаңызға қарап, киім сөреңізді тексеріп шығыңыз. Егер кеңседе уақытыңыздың 40%-ын өткізетін болсаңыз, алайда сөреңізде неше түрлі принттелген футболка мен жыртық джинсы көп болса, онда гардеробыңызға өзгеріс керек.

Бізбен бірге стильді болғысы келетіндерге үй тапсырмасы: өз уақыт диаграммаңызды жасап, гардеробыңызға қандай киім жетіспейтінін немесе неден арылу керек екенін анықтаңыз. Бізбен тапсырма туралы пікірлескіңіз келсе, #ҚазақшаФэшн хэштегімен әлеуметтік желілерде ойыңызды жазыңыз, міндетті түрде жауап береміз.

Сәнқой болу айып емес, өзіңізге жарасса. Стиліңізді тапқаныңыз — әрдайым сенімді жүруіңізге кепіл.