Жыл мезгілінің ауысуы адам ағзасы жұмысының өзгеруіне себеп болады. Суық ауа райында кей адам артық салмақ қосып алып жатады. Диетолог Арай Әміре күз мезгілінде артық салмақ қоспау үшін не істеу керек екенін айтып берді.

Маманның айтуынша, күзде артық салмақ қоспау үшін ең алдымен дұрыс тамақтану керек. Себебі жазда күннің ыстығына байланысты ағзамызда су нормасы көп болады. Күніне 2-2,5 литрдің орнына 3,5-4 литр су ішеміз. Ал күзде олай емес. Сондықтан дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Дұрыс тамақтану деген диета емес, онымен шатастырмау қажет. Арасына белгілі бір уақыт салып күніне төрт-бес рет тамақ ішіңіз. Ұйықтауға 3 сағат қалғанда тамақтану керек, тойып алған соң бірден ұйықтауға болмайтынын естен шығармаңыз. Әсіресе, күзде. Бұл — артық салмақ қосудың басты себебі.

Күзде таңғы асты тастамаңыз. Өйткені күн суыған кезде таңнан кешке дейін энергияны сақтап қалу маңызды. Ал энергиямыз жетпей қалса, шаршаңқылық пайда болады. Ал таңғы ас — қуат көзі.

Күз — жеміс пен көкөністің пісетін уақыты. Сондықтан рационды осы табиғи витаминдермен толтырған абзал. Әсіресе, ас мәзірінде көмірсутек көп болуы керек. Себебі көмірсутек — ағзаға энергия беруші әрі тасымалдаушы. Бар энергияны осы компоненттен аламыз. Көмірсутектің негізгі көзі — бал, зефир, қара шоколад. Сонымен қатар иммунитетті реттеу үшін сорпа сияқты сұйық тағамдарды жиі ішкен дұрыс. Күзгі ылғал жаңа вирустарды көбейтіп, олардың ағзаға шабуылын күшейтеді.

Тағы бір басты мәселе — ұйқы. Мысалы, жылы күндері 6 сағат ұйықтасаңыз, күзде ұйқыны 7 сағатқа созып, тұрақтаған жөн. Себебі ұйқы да ағзадағы стреске байланысты салмақ қосуға әсер етеді.

Артық салмақ қоспау үшін денені шынықтырып, жаттықтыру қай кезде де пайдалы. Таңертең жаттығу жасауға уақытыңыз болмаса, кешке спортзалға баруға болады. Сағат 19.00-ден 20-21.00-ге дейін спортзалда шынығып, бірден ұйықтауға болады. Алайда спортзалға бармастан бірнеше сағат бұрын жақсылап тамақтанып алғаныңыз жөн.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!