Астаналықтарға Президент бастамалары түсіндірілді

Бүгін республикалық ақпараттық топ мүшелері астаналықтарға Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндірді.  Кездесу Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен өтті. Шараға билік өкілдері, депутаттар, елорданың білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, ЖОО мен колледждердің студенттері қатысты.

Үкіметтің шешімімен республикалық ақпараттық-насихаттау тобы құрылды. Оның құрамына Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Бүгін сіздерге сұрақтарды тікелей қоюға мүмкіндік бар. Барлық ескертулер, пікірлер мен ұсыныстар қарастырылып, отырыс хаттамасына енгізіледі, — деді Ермек Аманшаев.

Шараға қатысушыларды үй мәселесі мен жалақының көтерілуіне қатысты сауалдар ерекше қызықтырды. Қарапайым қызметкерлердің жалақысының қалай артатыны туралы Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов жауап берді.

Жолдауда қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру, соның ішінде жалақыны арттыруға ерекше мән берілді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жарым есе өседі. Қазір ол 28 284 теңге болса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 42 500 теңге болады. Өзгерістер негізінен мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың қызметкерлеріне әсер етеді. Бұл олардың қазіргі жалақысына байланысты, ол 30%-ға дейін артады. Жалпы, жалақыны өсіру жылына 86 миллиард теңгені қажет етеді, — деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.

Кездесу кезінде медицина, білім беру және шағын орта бизнеске қолдау көрсету салаларына қатысты жаңа тәсілдерді қолдану және реформалаудың негізгі бағыттары туралы талқыланды. Ермек Аманшаевтың айтуынша, биыл қағазсыз денсаулық сақтау жүйесіне көшу бойынша пилоттық жоба аяқталады. Ол барлық пилоттық ұйымда толығымен жүзеге асырылды, құжаттаманың барлық түрлерінің 93%-ы электронды түрде жүргізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық клиника мен аурухана қағазсыз медициналық құжаттарға көшеді, — деді Ермек Аманшаев.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры Бақтияр Мәліков «Мұғалім мәртебесі туралы» Заңды дамытуда қоғамның маңызды рөлі туралы айтып берді.

Заң мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, жұмыс жүктемесін азайту және қажетсіз тексерулерді болдырмау мәселелерін қарастырады. Заң жобасы екі-үш айдың ішінде әзірленіп, қоғам талқылауына ұсынылады, — деп атап өтті спикер.

Жиын қорытындысы бойынша, кездесу Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттардың, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың әр азаматқа тікелей және практикалық пайдасын анықтауға мүмкіндік берді.