Президент Жолдауларында ең көп қолданылатын 10 сөз қандай?

Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 ішінде жариялаған Жолдауларына шолу жасады.

2018 жылдың 5 қазаны күні Мемлекет басшысы кезекті Жолдауын халыққа арнаған еді. Ал ең алғашқы Жолдау 1997 жылы 10 қазанда жарияланған. Ол Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бiрiншi кезектегi шараларына арналды.

Одан беріде бұл жыл сайынғы дәстүрге айналып, еліміздің дамуы жолында аса маңызды саналатын, көптеген өзекті мәселе қамтылған, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларымен 20-дан астам Жолдау арналды.

Осы уақытқа дейін Мемлекет басшысының Жолдаулары әлемнің 15 тіліне аударылыпты. Жалпы таралымы 70 миллион дана болатын 1,5 миллион материалдың жарияланғаны да белгілі болып отыр.

Қазақстан халқы ассамблеясының мәліметінше, 1999 жылы Президенттің ең қысқа Жолдауы шыққан, ол небәрі 1436 сөзден тұрады. Ал ең ұзақ, ауқымды Жолдау 2012 жылы жария етілді, ол 15 465 сөзден құралған.

Бұл тарихи құжаттардағы ең көп қолданылған сөздердің ондығына мыналар енеді:

  1. мемлекет
  2. қауіпсіздік
  3. экономика
  4. сапа
  5. инновация
  6. әлеуметтік
  7. әлем
  8. бірлік
  9. бәсекеге қабілеттілік
  10. бизнес

Нұрсұлтан Назарбаевтың бір жылда халыққа екі рет Жолдау арнаған кезі де көп.  Мәселен, 2012 жылы Президент алғаш рет Қазақстан халқына екі рет Жолдау арнады. 2012 жылдың 27 қаңтарында «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» тақырыбына арналған Жолдау жарияланса, сол жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан-2050″ стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы жарыққа шықты. 2018 жылы да Президент Қазақстан халқына екі Жолдау арнап отыр. 10 қаңтарда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» аталатын Жолдау жарияланды.

Еске салайық, 2018 жылдың 9 қазаны күні ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын мақұлдады.