Канада ғалымы Скотт Лир бастаған зерттеушілер жеті жыл бойы физикалық белсенділік, жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім-жітімнің жалпы деңгейі жөнінде деректер жинаған. Олардың зерттеуіне 35-70 жас аралығындағы 17 елден 130 мыңнан астам адам қатысқан.
Ғалымдар аптасына кем дегенде 150 минут дене жаттығуын жасайтын адамдардың денсаулығы басқаларға қарағанда мықтырақ екенін анықтады. Себебі бұл жағынан белсенді адамдар инфаркт, инсульт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларынан аулақ болады, өлімге душар ететін басқа да себептер азаяды.
Аптасына бар болғаны 2,5 сағат қимылдаудың өзі жастай өлу қаупін 28%-ға, ал жүрек ауруларының пайда болуын 20%-ға төмендетеді.
Тағы бір басты нәрсе — физикалық белсенділіктің түрі маңызды емес. Скотт Лирдің пайымдауынша, денсаулық үшін ақша төлеу міндетті емес. Үй шаруасы болсын, физикалық еңбек не жаяу серуен болсын, кез келген белсенділік мезгілсіз өлім мен жүрек ауруларын болдырмайды.
Скотт Лир Торонто университетінің профессоры Майк Эванстың аз қимылдайтын адамдарға арналған мынадай кеңесін ұсынады:
- Іскерлік кездесулерді серуен ретінде жоспарлаңыз.
- Егер жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынайтын болсаңыз, бір аялдама ерте түсіп, жаяу жүріңіз.
- Түскі үзіліс кезінде бір жерде отыра бермей, әрі-бері жүріңіз.
- Дүкенге машинамен баруды қойып, жаяу жүріп қайтыңыз.
- Егер машинамен жүрсеңіз, көлікті баратын жеріңізден алысырақ жерге қойыңыз.
- Лифтті қолданбай баспалдақпен көтеріліңіз.
Скотт Лирдің айтуынша, зерттеуге қатысқандардың дені күнделікті өмірінде жаяу көп жүріп, жұмыста жіті қозғалған, үй шаруасын көп істеген.
Үнемі қимылдап жүру — күйзеліспен күресудің таптырмас амалы.
Мен жұмыстан велосипедпен қайтамын. Бұл менің бір күнде алған стресімнен арылуға жақсы көмектеседі. Машинада отырып, көше қозғалысын бақылаумен келгеннен гөрі велосипед айдасам, үйге әлдеқайда сергек боп келемін, — дейді Скотт Лир.
Бір аялдама жаяу жүру, баспалдақпен екі рет көтеріліп-түсу, кинотеатр немесе кафенің орнына кешкі серуен — осыларды ғана орындауға күніне кем дегенде 20 минутыңызды бөлсеңіз, түрлі кеселден аман болып, өміріңізді ұзарта аласыз.