Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында қазба барысында табылған Тақсай ханшайымына арналған кесене ашылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында салынған кесененің биіктігі – 7 метр, ені — 4 метр.
Кесененің құрылысын салуға облыстың меценаттары мен белсенді азаматтары көмектесті. Оларға БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов облыс басшылығының алғысын жеткізді.
Еліміздің өркендеуіне, тарихымыздың жаңғыруына, өнеріміз бен мәдениетіміздің дамуына үлес қосқан жерлестеріміздің ісі ерлікпен пара-пар, — деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Тақсай қорғандарын 2012 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары қазба жұмыстары кезінде кездейсоқ тапқан еді.
Тақсай ханшайымының жасы 35-40 шамасында. Оның бойынан сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей табылды. Тіпті, үстіндегі көйлегі мен жамылғысы да алтын жіптен тігілген. Тақсай кешенінен алынған бұл артефакттердің алғашқы зерттеу жұмыстары БҚО тарих және археология орталығы базасында жүргізілді. Алынған жәдігерлерді өңдеп, зерттеу барысында Астана мен Алматының, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябинск, Пущино, Новосибирск қалаларының мамандары мен ғалымдары арнайы шақырылды.
Тақсай обасынан табылған жәдігерлерді ғалымдар мен мамандарға таныстыру мақсатында Астанада ашылған Ұлттық музейдің экспозициясында «Алтын ханшайым» атауымен көпшілік назарына ұсынылды.