Дұрыс тамақтану адамның сәби кезінен басталуы керек. Бұл кезде оның ағзасы өте тез дамиды да, қоректену дағдысы өмірлік әдет болып қалыптасады. Мамандар әр ата-ана баласының дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыруды о бастан ойластыруы керек деп есептейді.
Адамның тамақтану мәдениеті анасының құрсағында жатқан кезінен бастап қалыптасады. Тіпті, жас ерекшеліктеріне байланысты күнделікті тұтынатын калория мөлшері де болады. 1 мен 3 жас аралығындағы балалар күніне 1540 калория, 4 пен 6 жаста 1970 килокалория, 7 мен 10 жаста 2300 килокалория тұтынуы керек. Әрі қарай 11-14 жаста ұлдар 2700, ал қыз балалар 2450, 14-17 жас аралығындағы ұлдар 2900, қыздар 2600 килокалориядан артық тұтынбағаны жөн, — дейді диетолог Арай Әміре.
Айналадағы түрлі тағамның жарнамасы, тағамның әдемі суреттері мен иісі адамның шектен тыс тамақтануына себеп болады. Мамандар кішкентай балаларды мұндай жарнамалардан, әсіресе фастфуд өнімдерінен алшақ ұстаған жөн дейді.
3 пен 10 жас аралығындағы балаларға дәруменге бай, тек табиғи тамақ берген дұрыс. Себебі 3 пен 10 жас аралығы — адамның нағыз қалыптасып, жетілетін кезі. Ал қыздарда 10-11 жаста, ұлдарда 12-13 жаста — өтпелі кезеңде ағзаларында байқалатын өзгерістерге байланысты тамақтануы да өзгереді. Демек, осы кезде балаларға ересектерше тамақтануға болады. Сол себепті фастфуд өнімдерін де 14 жастан бастап айына 1 рет қана тұтынған жөн, — дейді маман.
Диетологтың айтуынша, әр адам бала кезінен витаминге бай, пайдалы тағамдарды жемесе, өсе келе заталмасу және асқорыту жүйелері бұзылып, салдарынан әртүрлі ауруға шалдығады. Қыздарда 10 жастан асқан соң майалмасу процесі дамиды, яғни толуға бейім болады. Ал ер адамдар 25 жастан асқан соң тола бастайды. Себебі олардың ағзасы көмірсуды көп талап етеді. Бұл — ер адамдар физикалық жағынан көп қимылдайды деген сөз.
Жоғарғы оқу орнындағы сабақтар, жеке өмірдегі проблемалар, отбасылы болу тәбетімізге тікелей әсер етеді екен. Мұндай кезеңде адам тойған-тоймағанын байқамай қалатын көрінеді. Салдарынан салмақ қосудан оны тастау қиынырақ болады.
25 жасқа дейін адам ағзасы жас болып, тағамдарды жақсы қорытады. Бұл жасқа дейін кез келген тағам түрінен бас тартпай-ақ қоюға болады. Ал 25 жастан асқан соң адам ағзасында заталмасу процесі баяулайды. Осы кезде әр адам өзінің күнделікті тамақтану мәдениетін жіті бақылауда ұстағаны жөн. Жатар уақыттан 3 сағат бұрын тамақтанбау қажет, кешкі астың құрамында қант болмағаны дұрыс, — дейді Арай Әміре.
Диетологтың айтуынша, 30-40 жастағылар күйзеліске жиі шалдығады. Соған байланысты осы жастағылардың 80%-інің тамаққа тәбеті өзгереді: кейбірі көп тамақтануы мүмкін, ал кейбірінің тамаққа тәбеті болмайды.
35 жастан асқан соң адам дұрыс тамақтанумен бірге спортпен шұғылдануы керек. Бұл кезде зат алмасу процесі бұрынғыдан да бәсеңдей бастайды. Ал адам 50 жастан асып, 60-қа таяған шағында ең бірінші айтқан 1 жас пен 6 жас аралығында тұтынатын табиғи өнімдерге көшуі керек. Бұл жаста фастфуд өнімдерін жеуге болмайды, себебі ағза шаршаңқы келеді. Ал 60 жастан асқан қарт кісілер буға пісірілген тағамдарды жеуі керек, — дейді Арай Әміре.
Адамның жасы ұлғайған сайын соған сай диета ұстағаны дұрыс. Диетологтардың пікірінше, бұл — ұзақ жасаудың кепілі.