Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер ауылға «Шипалы алақанмен» барды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында БҚО Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округінде мектеп түлектерінің ынта-ықыласымен «Шипалы алақан» акциясы ұйымдастырылды.

Талай дүлдүлдерді дүниеге әкелген киелі өңірден түлеп ұшқан жандар туған ауылын еш естерінен шығарған емес. Әр жылдарда дүниеге келіп, бүгінде ақ халатты абзал жандар атанған жерлестер ат басын туған ауылдарына тіреді. Алтыннан да қымбат уақыттарының бір күнін ауылына арнаған жандар алдымен халықпен кездесіп, балалық шақтарын естеріне алып, ән шырқап әңгіме-дүкен құрысып, мектеп бүлдіршіндерінің жүрекжарды жырларын тыңдады. Өздері білім алған мектеп ауласына ауыл жастарымен бірігіп көшет отырғызды.

Одан кейін ауылдық фельдшерлік пунктте жергілікті халықты тегін қабылдап, медициналық кеңестер берді. Адам жанының арашашысы — ақ халаттылардың есігінің    алдындағы кезек көпке дейін таусылмады. Әр тұрғынды жеке-жеке қабылдаған дәрігерлерге ауыл халқы дән риза болды.

Ауыл тұрғындарын дәрігерлік тексеруден өткізгендердің қатарында белгілі кардиохирург Жанайдар Қазтуғанов, анестезиолог Мерболат Жұмағұлов, невролог Айгүл Мағзомова, терапевт Майра Қазбаева, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының МӘС жөніндегі орынбасары Ардақ Мұқанова сияқты өз ісінің майталмандары бар.

«Туған жерге бір себің тисе, сен де бақыттысың» дегендей, осы жерден түлеп-ұшып, бүгінде медицина  саласында   еңбек етіп жүрген бір топ жерлестер жиналып, өскен ауылымызға келіп отырмыз. Негізгі мақсатымыз – аудан, облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекен тұрғындарын медициналық тексерістен өткізіп, кеңестер беру. Халық денсаулығы қашан да бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан, біз бұнымен тоқтап қалмай, осы акцияны жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді БҚО бойынша департаменті МӘС жөніндегі басшы орынбасары Ардақ Мұқанова.