Жас актерлар Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының Театр өнері факультетіндегі Асанәлі Әшімовтің шеберханасында 2014-2018 жылдар аралығында білім алған. Түлектердің бірінші ұстазы Асанәлі Әшімов болса, екіншісі режиссер — Талғат Көбеков.
Драма театрының кіші залының сахнасында бір-бірін сүйген қос ғашық — Қарагөз бен Сырымның тағдыры. Ескі ғұрыпты ұстанған қоғамның жастарды бір-біріне қоспауы, махаббат еркіндігіне ұмтылған ынтызарлардың лирикалық драмасы — қазақ театр өнерінің ғасыр бойы сахналанып келе жатқан қойылымы. Бұл жас актерлар үшін тарихи жауапкершілікпен тең. Бірақ актриса Мақпал Қасен (Қарагөз), Қуаныш Құдайберген (Сырым) мен Айдын Беріковтер (Нарша) рольдерін мейлінше шебер ойнап, кәсіби салаға үлкен қадам басқанын көрсетті.
Мұхтар Әуезовтің ұлы драматургиясын, қазақтың классикалық тарихын сол кездің дәстүрімен, жүріс-тұрысымен ойнап шығу оңай емес. Сыртынан қараған адамға оңай көрінгенімен балалар бұл қойылымға біраз дайындалды. Жас актерларға қазақтың тарихи өмірі кішкене жетіңкіремей жатады. 3 актіден тұратын пьесаны ықшамдап, 1 сағат 10 минутқа сыйдырдық. «Қарагөз» — көрерменге ой салар спектакль. Ал ертең заманауи «Арыстандар патшалығы» музыкалық драмасын, арғы күні «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасын тамашалауға шақырамыз, — деді Асанәлі Әшімов.
Жас актерлардың қойылымын театр сахнасында ұзақ жыл қызмет еткен актерлар, журналистер мен өнер академиясының студенттері тамашалады.
Менің балаларым дарынды әрі еңбекқор. Дайындыққа таңертең ерте келіп, түнде кеш қайтады. Сонда ғана актер шыңдалады, өседі. Көбі актердың жұмысы оңай деп ойлайды, олар қателеседі. Алдарыңызда тұрған қыз-жігіттер өте зерек. Енді осы балалардан жақсы бір труппа шығады деп отырмыз. Алғашқы шығармашылық жұмыстарын бүгін өздеріңіз тамашаладыңыздар. Актердың мақсаты — көрерменін қуанту, эстетикалық тәрбие беру. Актер сахнадағы мұғалім, ал театрға келген көрермен оқушы сияқты. Осы екеуінің арасындағы байланыс ешқашан үзілмесін, — деді ардагер актер.
Болашақта 30 жас түлек тұтас бір ұжым ретінде қойылымдар қойып, заман талабына сай жүйемен жұмыс істеуді көздейді.