Асқар Жұмағалиев Нью-Йорк пен Лондонда өткен форумдар жөнінде Президентке есеп берді

Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Мемлекет басшысына Нью-Йорк пен Лондонда өткен инвестициялық форумдардың қорытындысы жөнінде есеп берілді.

Асқар Жұмағалиев әлеуетті шетелдік инвесторлар үшін бірқатар панельді сессия өткізілгені жөнінде мәлімдеді. Бұл басқосуларда Қазақстандағы жекешелендіру үдерісі, экономиканың жекелеген секторларына инвестиция салу, Ұлы Жібек жолын жаңғырту, көлік логистикасын дамыту жайы, сонымен қатар цифрландырудағы инновацияның ролі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы мәселелер талқыланды.

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысына инвестициялық форумдар аясында өткен екіжақты кездесулердің нәтижесін де баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу соңында Асқар Жұмағалиевке бірнеше нақты тапсырма берді.