Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанды Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, марапатты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады. Мемлекет басшысы Ердоғанды жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын қорғап жүрген көрнекті қайраткер ретінде атап өтті.
Президенттің айтуынша, Түркия басшысы түркі және ислам өркениетінің ынтымақтастығын нығайтуға айрықша үлес қосып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орденді енгізу бастамасы Түркістанға сапары кезінде көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, марапат Қазақстанның дамуына еңбек сіңірген отандық және шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, сонымен қатар ғалымдарға табысталады.
Мемлекет басшысы орденнің символдық мәніне де тоқталды. Оның айтуынша, марапаттағы жасыл түс ислам өркениетімен байланысты болса, күміс тазалықтың белгісін білдіреді.
Президент Режеп Тайип Ердоғанның аталған орденнің тұңғыш иегері атанғанын айтып, мұның тарихи әрі рухани маңызы зор екенін жеткізді.
Бұл марапат ұлы бабамыз салған рухани бауырластық пен тарихи әділдік жолының жарқын көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
