Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстандық балмұздаққа сұраныс артты. Өнім қай елдерге экспортталады?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Қазақстанның балмұздақ нарығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық өсім көрсетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, саладағы өндіріс көлемі артып, ел тарихында алғаш рет Қазақстан балмұздақтың нетто-экспорттаушысы атанды.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы және салалық сарапшылардың деректері бойынша, өткен жылы елде 63,2 мың тонна балмұздақ өндірілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 22% көп және кейінгі онжылдықтардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Жыл қорытындысы бойынша балмұздақ экспорты 36,8% өсіп, 14,2 мың тоннаға жетті. Осылайша экспорт көлемі импорттан асып түсті. Қазақстандық өнімдер негізінен Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан нарығына жеткізіледі.

Сонымен қатар импорт көлемі 5,1% төмендеп, 12,2 мың тонна болды. Сарапшылар мұны отандық өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артуымен байланыстырады.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында да саладағы өсім сақталды. Қаңтар–наурыз айларында балмұздақ өндірісі 58,6% өсіп, 14 566 тоннаға жеткен. Нарықтағы негізгі драйверлердің бірі — «Шин-Лайн» компаниясы. Компания Қазақстандағы балмұздақ экспортының шамамен 95%-ын қамтамасыз етеді. Бүгінде кәсіпорын ТМД елдеріндегі ірі балмұздақ өндірушілердің алғашқы төрттігіне кіреді. Өткен жылы компания экспорты 14,2 мың тоннаға жетіп, экспорттық табыс көлемі 49 млн доллардан асқан. Өнімдер Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия, Кавказ елдері және Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, 10-нан астам елге экспортталады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар экспорттық өнімнің орташа бағасы да өскен. 2025 жылы қазақстандық балмұздақтың экспорттық бағасы 1 келі үшін 3,47 долларға жетіп, өнімнің сапасы мен қосылған құнының артқанын көрсетті.