Хамза Есенжановтың туған ауылында жерлестер форумы өтті

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында қазақтың көрнекті жазушысы Хамза Есенжановтың 110 жылдығына және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында жерлестер форумы өтіп, оның аясында аудандағы «Жомарт жүрек-2018 сыйлығының иегерлері марапатталды.

Форумды аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов ашып, құрметті қонақтарға «қош келдіңіздер» айтты. Сонымен бірге ауданда кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асқан бірқатар жұмысты тілге тиек қылды.

Мән мен маңызы зор шараға арнайы келген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы және «Құрмет» орденінің иегері, облыстың құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева ұрпақ тәрбиесі мен мәдениет турасында әңгіме өрбітті. Теректі халқы аяулы ақын қызына құрмет көрсетіп, гүл табыс етсе, жастар арасынан Д.Есенәлиева және С.Құлмұханова ақын өлеңдерін оқыды.

Ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин ауданда дүниеге келген тұлғаларға ерекше тоқталып, барлық салада елге аянбай қызмет етіп жүрген теректіліктерге алғыс білдірді. Еліміздегі ең жас «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы, «Тоғыз толғаныс» кітабының авторы Дәурен Сағынғалиев білікті педагогтардың қоғамдағы ролі, ұстаздар мәртебесі хақында сөз қозғады.

«Жомарт жүрек-2018» сыйлығын тапсыру рәсімі де айрықша әсермен өтті. «Жыл меценаты» аталымында Сағидолла Еркебаев, «Туған өлке» аталымы бойынша Ибрагим Жақсымбетов, Қатауолла Ашығалиев, Валерий Голоухов, Арман Ғаббасов, Қайрат Садықов, Ұлықпан Мұхамедияров, Тілекқабыл Жұмағалиев, Александр Овчинник, Жұбан Шиназбеков, «Жүректен жүрекке» аталымы бойынша Мирхат Жұмашев, Виктор Галкин, Руслан Лұқпанов, Роллан Бектеміров, «Әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқаны үшін» номинациясында Юрий Махметов, «Жылдың қайырымды адамы» аталымында Сержан Идиятов, Аманғали Бөкенбаев марапатталды.

Сонымен қатар Мәпу Біләлов, Өтеген Ғайнуллиев, Хамидолла Гайсин, Виктор Галкин, Ерболат Қоңқашев, Хәлел Құсайынов, Сәлімбай Мәдиев, Вячеслав Мукашев, Федор Савичев, Хамит Салахиев, Марат Сарбөпеев, Амангелді Шұғайыпов және Шәрапи Шотанов «Теректі ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.