Күнбатыс Алашорданың 100 жылдығы тойланды

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында бүгінгі Қазақ мемлекетінің бесігі болған Алашорданың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Алдымен Күнбатыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовке туған жері — Бұлдырты ауылдық округінің Қарақұдық елді мекені жанында ескерткіш белгі ашылды.

Одан әрі шараға қатысушылар Бұлдырты орта мектебінде жасақталған музейді тамашалады, «Күнбатыс Алашорданың идеологиялық маңызы» атты  облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Конференцияда сөз алған аудан басшысы Төлеген Төреғалиев Жаһанша Досмұхамедовтің Орал облыстық съезінде сөйлеген сөзінен үзінді келтірді.

Азаттықтың таңы атты, Тілекке құдай жеткізді. Бұрын біз құл едік, бүгін, міне, теңелдік. Біздің мақсатымыз — ел билеуді халықтың қолына беру. Қазақ алдағы уақытта өз тағдырын қолына алады. Желбіреген бостандықтың туы бәрімізді бірлікке, туысқандыққа шақырады. Қазақ шаңырағы бәріне пана бола бермек. Тек ауызбіршілікте болайық, ағайын! — деген екен кезінде Алаш арысы.

Алаштанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұрат ауданның тарихшы мұғалімдерін, музей қызметкерлерін, оқушыларды Алаштың тарихы жайлы елдің аузында жүрген әңгімелерді көбірек жинауға шақырды.

Алаш қозғалысы ешқашан үзілген жоқ. Тіпті, кеңес әдебиетінің өкілдері Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Жәрдем Тілеков сияқты қаламгерлеріміздің шығармаларында да Алаш тарихы суреттелді. Мәскеудің 11 мұрағатында Батыс Алашорданың тарихы туралы мәлімет көп. 3 мың адамнан тұратын ең үлкен әскери жасақ Күнбатыс Алашорданың құрамында болған. Жымпитыдағы прапорщиктер мектебі мен Ойылдағы юнкерлер мектебінің өзі — үлкен тарих, — деді ғалым.

Конференцияда БҚИТУ профессоры Дәметкен Сүлейменова, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры Светлана Бахишева, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Жәңгір хан атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров Алашорда Үкіметі, Жаһанша туралы пікірлерін ортаға салды.

Мақсат Тәж-Мұрат Алашорда Үкіметінің 100 жылдығы мен Алаш автономиялық Республикасының 100 жылдығына орай «Алаш» мерекелік медалін Сырым ауданы әкімі  Төлеген Төреғалиевке, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваға, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дің оқытушысы Есқайыр Хайдаровқа, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, доцент, Әлфия Байболсыноваға табыс етті.