Алма толы «Москвич»

Көз алдыңызға елестетіңіз: сізге қып-қызыл алмаға толы көлік сыйлады. Ең бірінші не істер едіңіз? Әдет бойынша суретке түсіп, әлеуметтік желідегі парақшаңызға салар ма едіңіз?

Жақында Абай мен Достық көшелерінің қиылысында Жас суретшілер одағының «Алма толы «Москвич» арт-объектісі пайда болды. Объект «Арман» кинотеатрының жанында орналасқан. Идеясына Шәкен Аймановтың 1957 жылы шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі сары «Москвич» арқау болған. Бұл оңтүстік астананың өткені мен бүгінінің үйлесім тапқан көрінісі тәрізді. Әсіресе, бүгінгідей күз мезгілінде сары «Москвичтің» қасында түскен суретіңіз желідегі парақшаңыздың сәнін кіргізіп тұрары сөзсіз.

Алма толы москвич
Алма толы «Москвич». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алдар көсе

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші Руслан Ақанаев ескі көліктің темір бөлшектерінен Алдар көсенің мүсінін құрастырыпты. Ол Назарбаев даңғылы мен Қарасай батыр көшесінің қиылысында орналасқан.

"Алдар көсе" мүсіні
«Алдар көсе» мүсіні. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алыстан қараған адам оны Алдар көсе деп ойлай қоймайды. Тек жылқының үстінде домбыра тартып отырған адамның бейнесін аңғаруы мүмкін. Алайда ол жанына келген адамдарды «алдап кетпей», бірге суретке түседі.

"Алдар көсе" мүсіні
«Алдар көсе» мүсіні. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Аспа шам

Текше пішіндес аспа шамның авторлары — ART SPACE суретшілер тобы мен Әбдуахат Мұратбаев. Металдан жасалған шам да Назарбаев даңғылы мен Қарасай батыр көшесінің қиылысында орналасқан.

Аспа шамның әр ою-өрнегі ұлттық нақышты айқындай түседі. Онда бейнеленген ер мен әйел бейнесі, түрлі формадағы жапырақ пішіндес ою — Адам мен табиғат үйлесімінің көрінісі.

Кеокёр

Кеокёр — қырғыздардың қымыз құюға арналған, теріден жасалатын ыдысы. Бұл — қазақтың торсық, саба, бұлқыншақ тәрізді ыдыстарының бір түрі. Ал Алматыдағы «Кеокёр» — қырғызстандық кескіндемеші Тамила Маматованың жұмысы. Арт-объект Алматы-2 теміржол вокзалы маңында орналасқан.

Кеокёр
Кеокёр. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Құмыралар

ART SPACE суретшілер тобы мен Әбдуахат Мұратбаевтың Алматы көшесіндегі тағы бір жұмысы — құмыралар. Назарбаев даңғылы мен Қарасай батыр көшесінің қиылысындағы арт-объектілер кез келген ауа райына төтеп беруі үшін мықты металдан жасалған. Ұлттық дәстүрдің көрінісі іспеттес туындылар заманауи сипатымен Алматыға өзгеше реңк кіргізіп тұрғандай.

Құмыралар
Құмыралар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Еске сала кетейік, 25 тамызда Алматыда алғаш рет халықаралық Park fest мүсіндер және шағын архитектуралық нысандар фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль бағдарламасына сәйкес 30 қыркүйекке дейін қала көшелерінде жаңа мүсіндер пайда болды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!