30 тамыз Конституция күні бейсенбіге келіп тұр. Соған сәйкес, 25 тамыз сенбі жұмыс күні деп жарияланып, демалыс 31 тамыз жұмаға ауыстырылды. Сондықтан қазақстандықтар осы сенбіде жұмыс істеп, келесі аптада 30-31 тамыз (бейсенбі, жұма) және 1-2 қыркүйек (сенбі-жексенбі) күндері қатарынан 4 күн демалады.

Esentai Square аллеясындағы концерт

Jantik Band esentai
©Sxodim.com

Маусымнан бері әр аптаның сенбісінде болатын Esentai Music Festival 25 тамыз күні соңғы рет концерт қояды. Фестивальді Jantik Band тобы мен Soul Note тобы қорытындылайды. Jantik Band тобының репертуарында панк-рок, рок-н-ролл және рокабилли-джаз жанрындағы 700-ге жуық ән бар. Esentai Square аллеясындағы концерт тек ән кеші емес, би мен жазды шығарып салу кеші болмақ.

Қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі

Қолөнер бұйымдары
©newsvl.ru

25-26 тамыз күндері «Арбатта» қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейдің қолөнер шеберлері өз өнімдерін саудалайды. Шара аясында алты қанатты киіз үй тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына «Киіз үй әлемі» атты тегін экскурсия ұйымдастырылады. «Арбатта» тігілген шатырдың астында шеберлік сабақтары өтеді.

Artbat Fest

Artbat Fest 2018
©Buro247.kz

Дәстүрлі Artbat Fest өнер фестивалі биыл тоғызыншы рет өтеді. Фестиваль 24 тамыз бен 24 қыркүйек аралығында болады. Сәтпаев көшесінен Құрманғазы көшесіне дейін Есентай өзенінің бойында Қазақстан, Словения, Италия, Франция, Германия, Ұлыбритания мен Жапония суретшілерінің жұмыстары қойылады.

«Қайрат» пен «Атырау» матчы

Қайрат Атырау
©Footboom.kz

26 тамыз күні сағат 19.00-де Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» футбол клубы «Атыраумен» кездеседі. Бұл матч — Қазақстан премьер-лигасының 24-ойыны. Билет құны 250 теңгеден басталады. Оны кассадан немесе онлайн сатып алуға болады.

«Back to school» жәрмеңкесі

Мектепке дайындық
Мектепке дайындық

Жаңа оқу жылының басталуына аз қалды. Ал сен мектепке дайынсың ба? Party&Market Back to school жәрмеңкесі демалыс күндері Mega Park ойын-сауық орталығына келеді. Жәрмеңкеде тек оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алмай, байқаулар мен ойындарға да қатысып, бағалы сыйлықтар жеңіп алуға мүмкіндік бар.

«Ауыл» фестивалі

Глобус
©bazis.kz

Globus ойын-сауық орталығы өзінің сегізжылдық мерейтойын атап өту үшін «Куратор» мәдениет орталығымен бірге «Ауыл» шығармашылық фестивалін өткізеді. Шараға Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы да қатысады. Фестивальде өнер туындыларын тегін тамашалауға болады.