Басты бетЖаңалықтарТөреғали Төреәлінің...

Төреғали Төреәлінің ұшаққа заңсыз кіруіне кінәлілер жазаланды

Төреғали Төреәлімен болған оқиғадан кейін Алматы әуежайының қызметкерлері жазаланды.

ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Алматы әуежайындағы авиациялық қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мен ұшақ бортында бөтен адамның жүруіне қатысты жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша әуежай мен әуекомпанияның бірнеше қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атап айтқанда, Алматы халықаралық әуежайы Авиациялық қауіпсіздік комитеті тексеру бөлімшелерінің инспекторлары Ринат Рахымгереев, Абылай Қырғызбаев пен Шолпан Закировалар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 570-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (48 100 теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді.

Сонымен бірге Air Astana әуе компаниясының жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі агенті Карина Әбдірахипова да жауапкершілікке тартылды. Ол да 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (48 100 теңге) айыппұл төлеуі тиіс.

Еске сала кетейік, мұның алдында әуежай өкілдері осы жағдайға қатысты түсінік берген еді. 2018 жылдың 13 қыркүйегінде Air Astana әуе компаниясының Алматы – Гонконг бағытындағы КС 92 рейсіне жолаушыларды отырғызу барысында вип-терминал арқылы салонға Төреғали Төреәлі әйелімен және баласымен өткен. Кейін артист салоннан шықпақшы болады, тоқтатпақ болған бортсерікке ол жолаушы емес екенін айтқан. Бұл туралы бірден командирге хабар беріліп, әуежайдың Авиациялық қауіпсіздік қызметі шақыртылған, әуе көлігі командирінің шешімімен сол жерде қайтадан тексеру жүргізілді. Нәтижесінде рейс 18 минутқа кешіктірілді.

ДереккөзTengrinews.kz