Төреғали Төреәлі жолаушылар ұшағына қалай заңсыз кірген? Тексеру басталды

Белгілі әнші Төреғали Төреәлінің ұшаққа қалай билетсіз кіріп кеткенін анықтау үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті жоспардан тыс тексеруді бастады. Еске салайық, бұған дейін «Время» басылымы әншінің жолаушылар ұшағына заңсыз кіріп кетіп, Алматы — Гонконг бағытындағы рейстің жарты сағатқа кешіктірілуіне себеп болғанын жазған еді.

Бұл оқиға туралы ақпаратты әуелі Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі растады.

Бүгін БАҚ-тарда ұшақ бортына бөтен адамның кіргені туралы ақпарат тарады: 2018 жылдың 13 қыркүйегінде Air Astana әуе компаниясының Алматы — Гонконг бағытындағы КС 92 рейсіне жолаушыларды отырғызу барысында вип-терминал арқылы салонға Төреғали Әлихановтың (Төреғали Төреәлі псевдонимімен танымал әнші) отбасы баласымен өткен. Кейін артист салоннан шықпақшы болады, тоқтатпақ болған бортсерікке ол жолаушы емес екенін айтқан. Бұл туралы бірден командирге хабар беріліп, әуежайдың Авиациялық қауіпсіздік қызметі шақыртылған, әуе көлігі командирінің шешімімен сол жерде қайтадан тексеру жүргізілді. Нәтижесінде рейс 18 минутқа кешіктірілді, — делінген әуежайдың Facebook желісіндегі парақшасында.

Рейске жолаушыларды, жүкті тіркеумен, boarding-бақылаумен және бортқа отырғызумен Air Astana әуе компаниясының қызметкерлері, ал төлқұжатты тексерумен, әсіресе, әуе көлігіне отырғызу кезіндегі тексерумен ҚР ҰҚК Шекара қызметі айналысады. Жолаушылар мен олардың қол жүгін Алматы халықаралық әуежайының Авиациялық қауіпсіздік қызметі тексереді.

ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің өкілдері жоспардан тыс тексеру жүргізуге кірісті.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Air Astana АҚ әуе компаниясының Алматы — Гонконг рейсінде әуе көлігі бортына бөтен адамның өтіп кету дерегі бойынша авиациялық қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс инспекциялық тексеру белгіледі. Тексеру барысында осы оқиғаның бар мән-жайы анықталады. Нәтижесі бойынша қажетті шаралар қабылданады, — деп хабарлады комитет өкілдері.