Қазақстан мен Өзбекстан бірыңғай виза енгізуі мүмкін

Қазақстан мен Өзбекстан «Жібек жолы» визасының жобасын жуырда басқа көршілес елдер де қолдайтынына сенімді.

Біздің шекарашыларымызға, қауіпсіздік қызметтерімізге өзара ақпарат алмасуға мүмкіндік беретіндей заңнамаларының және ақпарат жүйелерінің талапқа сәйкес екенін көрсете отырып, алдағы уақытта олар да осындай келісімге келеді деген үміттеміз, — деп мәлімдеді Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Әзіз Абдухимимов.

Мұндай қадам Орталық Азиядағы туризмді дамытуға үлес қосатыны туралы да айтылды.

Егер бұл виза жуырда қолданысқа енсе, туристердің бір елден екіншісіне өтуінің оңай болатынын елестете беріңіз. Орталық Азияға келген туристер тек Қазақстанды емес, Өзбекстанды, Қырғызстан мен Тәжікстанды көргісі келеді. Бұл туристер үшін жаңа елдермен танысуына үлкен мүмкіндік,  — деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мырзамадиева.

Айта кетейік, жәрмеңкеге Қазақстан, Таиланд Корольдігі, Сингапур, Малайзия, Үндістан, Корея, Түркия және Қытай өкілдері қатысты. Әрбір мемлекет өзіне тән нақышын: мәдениетін, көрнекті орындары мен тағамдары ұсынды. Жәрмеңкенің мақсаты туристік компаниялар арасындағы тәжірибе алмасу және мүмкіндіктерді кеңейту болды.

Ташкент халықаралық туристік жәрмеңкесі БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымының ресми қолдауымен 1993 жылдан бері өткізіліп келеді. Көрме жыл сайын бүкіл әлемнің туристік индустриясының мамандарын біріктіреді.

Дереккөз24.kz