Орталық Азия елдері діни мерекелерді бір күнге белгілеуге уағдаласты

Қырғызстан астанасында Орталық Азия елдерінің мүфтилері ортақ меморандум қабылдады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.

Меморандумға қол қою рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Османхан қажы Алимов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Мақсатбек қажы Тоқтамысов, Тәжікстан Республикасының Ғұламалар кеңесінің төрағасы, мүфти Саидмукаррам Абдукодирзода қатысты.

Ағабек Қонарбайұлының мәліметінше, қабылданған құжатта Орталық Азияда діни мерекелерді (Ораза айт, Құрбан айт) бір күнге белгілеу, орталықазиялық діни мектепті жаңғырту, ортақ салттар мен дәстүрлі жоралғыларды дамыту, діни экстремизм мен терроризмді алдын алу, адамгершілік құндылықтарды насихаттау, тарихи ортақ нысандарға зиярат жасау, діни кітаптарды аудару, тағы басқа бағыттар бойынша ықпалдасып қызмет ету көзделген.

Мүфтилер осы бағыттар бойынша өзара ықпалдасып қызмет етуге уағдаласты.