Басты бетЖаңалықтарАстана студенттері...

Астана студенттері енді EXPO көрмесінен соң босаған хостелдерде тұрады

Астанада жатақханаға мұқтаж мыңдаған студенттің мәселесі шешілді. Жаңа жатақханалар салынғанша олар бос тұрған хостелдерге орналасады. Бұл жаңалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге Астанадағы әлеуметтік нысандарды аралаған кезінде белгілі болды.

«Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдымен Мәулен Әшімбаев пен кеңес мүшелері Millennium Park тұрғын үй кешенінде болды. Себебі, мұнда «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған отбасылар тұрады. Солардың бірі — жас отбасы Азамат пен Жанар Астанаға Балқаштан көшіп келген. Бір жыл бойы пәтер жалдап тұрған олар мемлекеттік бағдарлама арқылы өз пәтерлеріне қол жеткізгеніне ерекше қуанышты. Олардың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ай сайынғы төлем пәтер жалдаған кездегі ақыдан аспайтын көрінеді. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жас отбасын құттықтап, бұл Елбасы бастамаларының нақты нәтижесі екенін айтты. Оның айтуынша, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көтерілген мәселелердің барлығы Астана үшін өте өзекті.

Астана — еліміздің бас қаласы. Уақыт өткен сайын жан-жақты дамып, тұрғындар саны да артып келеді. Бүгінде елордамызда 1 миллионнан астам халық тұрады. Сондықтан Астана үшін баспана — ең өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы бұл мәселені шешуге және қазақстандықтардың өз баспаналарына қол жеткізуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Сол себепті бағдарламаға халық, соның ішінде астаналықтар көбірек қатысып, мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек, — деді Мәулен Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары аталған бағдарламаның құрылыс өндірісінің жаңаша қарқын алуына да жол ашқанын, сол арқылы ел экономикасының дамуына ықпал етіп отырғанын да айтты. Сәулеті ерекше жаңа тұрғын үй елордамыздың дәл жүрегінде — «Қазақ елі» алаңында орналасқан. Millennium Park кешенінің әкімшілік ғимаратында ірі компаниялардың кеңселері, білім беру орталықтары, спорт және балалардың шығармашылық үйірмелері, инфрақұрылымдық тұрмыстық нысандар, химиялық тазалау, тігін ательесі, шеберханалар орналасқан. Ал үйдің дәл іргесінде қалалық саябақ пен бірқатар мектеп орын тепкен.

«7-20-25» бағдарламасының операторы «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 шілдеден бастап Астанада жалпы сомасы 12,7 миллиард теңге болатын 840 өтінім қабылданған. Оның ішінде 8,8 миллиард теңге болатын 584 өтінім мақұлданды. Бұл — бүкіл еліміз бойынша қаралған және мақұлданған өтінімдердің шамамен үштен бір бөлігі.

Бұдан кейін делегация «Жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасын іске асыруға қатысушы «Әл-Қуат» хостелінде болды. Кешен директоры Гүлжанат Маусымбаеваның айтуынша, 400 орынға арналған бұл хостел 2015 жылы ашылған. Оның жалпы ауданы — 5 мың шаршы метр, мұнда 90 бөлме, 150 орындық асхана мен 120 орындық мәжіліс залы бар. Хостел арқылы «Әл-Қуат» компаниясы 18 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Жатақхана
Фото: «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі

Бөлмелерді аралап, студенттерге жасалған жағдаймен танысқан делегация Астанада 35 колледж бар екеніне және оларда 26 мың студент білім алатынына назар аударды. Олардың 2 мыңнан астамы жатақханамен қамтамасыз етілмеген. Осы ретте қалада EXPO халықаралық көрмесінен кейін босап қалған жалпы қоры 9 000 орын болатын 100-ге жуық қарапайым қонақүй мен хостел бар екенін ескерген жөн.

Студенттерді жатақханамен қамту да Астана үшін аса маңызды мәселе екені белгілі. Тіпті, бүгінде елордада жоғары оқу орындары мен колледждердің 16 мыңға жуық студенті жатақханаға мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін қалалық әкімдік EXPO халықаралық көрмесінен кейін бос қалған хостелдерді уақытша жатақхана ретінде пайдалануды қолға алған. Бұл — пилоттық жоба, яғни алдағы уақытта жаңа жатақханалар салынады. Бірақ соған дейін студенттер осындай орындарда тұрмақ. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары мұндай қадамның тиімді екенін айтты.

Жатақханаға айналған хостелдерде студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан осындай қадамды студенттерді жатақханамен қамтудың нақты әрі тиімді жолы деуге толық негіз бар. Тіпті, Астананың бұл тәжірибесін басқа да өңірлерде қолданудың берері мол деп есептейміз. Осылайша Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бас қаламызда сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бастамалардың әрі қарай да уақытылы және сапалы орындалуы үшін «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бақылау жұмыстарын жалғастырады. Сонымен бірге Мемлекет басшысының басқа да бағдарламалары мен бастамаларының жүзеге асырылуына партия өз үлесін қосады, — деді Мәулен Әшімбаев.

Жұмыс сапары барысында аталған топ Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетіне барды. 1957 жылы негізі қаланған оқу орнының құрамында 12 оқу корпусы, 314 аудитория, 220 мамандандырылған оқу-әдістемелік зертхана, 64 компьютерлік сынып, 14 қоғамдық тамақтану орны және 7 жатақхана бар. Бүгінде мұнда еліміздің әр өңірінен келген 12 881 студент білім алып жатыр. Университет 2012 жылдан бері әлемдегі ең үздік ТОП-800 жоғары оқу орны қатарына кіреді.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов және партияның Астана филиалының төрағасы, Астана әкімі Бақыт Сұлтанов аталған жоғары оқу орнында өткен Елбасы бастамаларының елордада жүзеге асырылу барысы туралы отырысқа қатысты.

Жиында Мәулен Әшімбаев қала бойынша атқарылған жұмыстарға бағасын беріп, бес әлеуметтік бастаманы одан әрі тиімді жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарын айтты. Бақыт Сұлтанов елордада бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға арналған нақты жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.

Халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен азаматтарға салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың сапалы білім алуы үшін жатақханалармен қамту және ынталы адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету әкімдік жұмысының басым бағытына айналды. Сол арқылы жастардың өз тағдырын Астанамен тығыз байланыстыруына тың мүмкіндіктер туып отыр. Сондықтан Елбасы айқындап берген бастамаларды сапалы әрі уақытылы орындау үшін бар күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз, — деді Бақыт Сұлтанов.

Айта кетейік, осы жылдың 5 наурызында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауды және халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді «Нұр Отан» партиясына тапсырған болатын.

Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді. Халық пен бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды. «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады, — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.