Еліміздегі министр қызметіндегі азаматтардың ең жасы 39-да болса, ең үлкені — 61 жаста. Олардың бәрінің отбасы, балалары бар.

16 министрдің ішінде ең жасы – Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. Дәурен Абаев 1979 жылы 18 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. 39 жастағы министр қызметіне 37 жасында тағайындалды. Ол 2011 жылдан бері Президенттің баспасөз хатшысы және кеңесшісі қызметінде болып, 2016 жылы 6 мамырда Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне келді. Министр Абаев — екі бала тәрбиелеп отырған әке.

Дәурен Абаевтан кейінгі жас министрлер – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Мәдина Әбілқасымова 1978 жылы 1 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол министр қызметіне осы жылдың басында келді. Ал 2014 жылы ол Ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметінде болып, 1 жылдан соң декреттік демалысқа шыққан екен. 40 жастағы министр — 2 қыз, 1 ұлдың анасы.

Ал Тимур Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде дүниеге келген. Ол 2016 жылдың 28 желтоқсанында Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Қазіргі қызметіне келмес бұрын ол Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржылық саясат жөніндегі алқасының мүшесі болып қызмет етті. Министрдің 3 ұлы, 1 қызы бар.

Жасы кіші министрлердің қатарын 41 жастағы Әділет министрі Марат Бекетаев пен 43 жастағы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек толықтырады.

Министрлердің ішінде жасы үлкені – Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Ол 1957 жылы 18 мамырда Алматы облысында дүниеге келген. 61 жастағы ведомство басшысы Ішкі істер саласының басшылығында 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді. Оған дейін Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментін басқарған. Сонымен қатар Қалмұханбет Қасымов мемлекеттік ведомство жетекшілігінде ұзақ отырғандар шеруінде де көш бастап тұр. Ол Ішкі істер министрі қызметін 7 жыл бойы атқарып келеді. Оның 3 ұлы, 2 немересі бар.

Үкімет мүшелерінің арасында Ішкі істер министрінен кейінгі жасы үлкендер қатарында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты атауға болады. Бұл үшеуінің жасы — 55-те.

2018 жылдың 11 қыркүйегі күні экс-қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Астана әкімі болып тағайындалды. Ол босатқан орынға Әлихан Смайылов бір аптадан соң ғана тағайындалды. Осылайша ол Үкіметтегі ең жаңа министр атанды. Әлихан Смайылов 1972 жылы 18 желтоқсанда Алматыда дүниеге келген. Жаңа қызметке тағайындалмай тұрып 3 жыл Президент кеңесшісі қызметін атқарды. 46 жастағы министрдің 2 баласы бар.

Министрлер кабинетінің мүшелерін жас ерекшелігіне байланысты тізіп шықтық.

1 Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 39 жаста
2 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 40 жаста
3 Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 40 жаста
4 Әділет министрі Марат Бекетаев 41 жаста
5 Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 43 жаста
6 Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев 46 жаста
7 Қаржы министрі Әлихан Смайылов 46 жаста
8 Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев 46 жаста
9 Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 47 жаста
10 Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев 48 жаста
11 Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 49 жаста
12 Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 52 жаста
13 Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин 53 жаста
14 Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов 54 жаста
15 Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 54 жаста
16 Премьер-министрдің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев 54 жаста
17 Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 55 жаста
18 Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 55 жаста
19 Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 55 жаста
20 Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 61 жаста