Жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына — 95 жыл

Кемел Тоқаев  1923 жылы 2 қазанда Алматы облысының Қаратал ауданында туған. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызмет атқарды.

1960-1977 жылдар аралығында «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Хабаршысы» ресми басылымының бас редакторы, 1980–1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды.

Кеңес Қарулы күштері туралы 10-нан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби байқауларда 1956, 1972, 1977, 1980 жылдары төрт рет лауреат атанды.

Кемел Тоқаев Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін І және ІІ дәрежелі орденмен, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Жазушының ең алғашқы кітабы «Жұлдызды жорық» деген атпен 1954 жылы жарық көрді. Бұдан басқа «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Арнаулы тапсырма», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты шығармалары бар.

Кемел Тоқаев — қазақ детективінің негізін қалаушы. Жазушының «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға» сияқты шығармалары оны бұл жанрды биік көркемдік деңгейге жеткізген дара автор ретінде танытты.

Сонымен қатар Кемел Тоқаевтың басты кейіпкерлерінің бірі — Қасым Қайсенов. Жазушының «Арнаулы тапсырма» деп аталатын шығармасы әйгілі партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов туралы.

Маған үйір боп, табандылық танытып, мен туралы қазақша, орысша кітап жазған Кемел Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалаймын, —  деген Қасым Қайсенов баспасөзге берген сұхбатында.

Осы кітапты жазу үшін Кемел Тоқаев Қасым Қайсеновпен бірге Украинаға барып,  оның партизан достарымен кездескен екен.

Ал «Әке туралы толғаныс» кітабында жазушы өзінің балалық шағы, қилы замандар мен күрделі кезеңдерді, ағасы Қасым екеуінің бір күнде ата-анасынан, кейін қарындасынан айырылған ауыр трагедияны бастан өткергені туралы жазады.

Жазушының 95 жылдық мерейтойы 24 қыркүйекте Жазушылар Одағында аталып өтті. Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Кемел Тоқаев туралы естеліктер айтты. Бұл жиынға белгілі ақын Мұхтар Шаханов та қатысып, Кемел Тоқаевтың адамгершілігі мен адалдығы жайлы әңгімелеп, ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бойына осы қасиеттер берілгенін айтты. Белгілі ақындар Рафаэль Ниязбек пен Шөмішбай Сариевтер әйгілі детектив шеберіне арнау өлеңдерін оқып берді. Шарада Қаратал ауданы Үштөбе кентіндегі Кемел Тоқаев жалпы мектебінен келген оқушылар өнер көрсетті.