Не болды?
Молдова билігі елде өнер көрсетуіне тыйым салынған ТМД әртістерінің тізімін жариялады. Қара тізімде әзілкеш Нұрлан Сабыров та бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мoldova live порталының дерегінше, Молдованың мәдениет министрлігі елде өнер көрсетуін құптамайтын Ресей мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдердегі 26 әртістің тізімін бекітті. Тізімде әзілкеш Нұрлан Сабыров та бар. Ел билігі бұл құжаттың толықтырылуы мүмкін екенін хабарлады. Сонымен қатар концерт, кеш ұйымдастырушыларына қара тізімдегі адамдардың Молдоваға кіруіне рұқсат берілмейтінін ескертті.
«Мәдениет министрлігі мәдени іс-шараларды өткізуге немесе халықаралық мәдени байланысқа тыйым салмайды. Мақсатымыз – концерт, спектакль, фестиваль және өзге де мәдени іс-шаралар арқылы Молдова Республикасына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу», – делінген хабарламада.

2026 жылғы ақпанда Молдованың мәдениет министрлігі Ресей мен ТМД елдерінің әртістерін елдегі іс-шараларға қатыстыру үшін концерт ұйымдастырушылары министрліктен алдын ала рұқсат алуға міндетті екенін хабарлаған еді.
Контекст
Естеріңізге салайық, бұған дейін Ресей билігі Нұрлан Сабыровты 50 жыл бойы елге кіргізбейтінін мәлімдеген еді.
