«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Туған жерге тағзым» форумы өтті

«Аудан көлемінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде көптеген іс-шаралар өтуде және алдағы уақытқа тағы да жоспарлануда. Соның бірі — осы бүгін баршамыз жиналып отырған «Туған жерге тағзым» форумы. Халқымыз «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді. Сондықтан ауылымыздың, еліміздің мәртебесі биік болса, ол халқымыздың ауызбірлігі, бір-біріне деген сыйластығы деп түсінеміз. Бірнеше жыл бұрын осы ауылдан түлеп ұшқан жастардың елге деген сағыныш оятатын, атамекенге деген сүйіспеншілігін арттыратын және Отан алдындағы міндетін өтейтін сәті жетті. Сонда ғана ауылымыздың ажары кіреді», — деді өз сөзінде Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева.

Әкім орынбасары ауыл кітапханасына І.Есенберлин мен С.Мұқановтың шығармалар жинағын табыстап, ұрпақ қажетіне жаратуларын тіледі. Айтулы күні алыстан ат терлетіп келгендер қатарында тыл ардагері З.Хузасаитов, ардагер ұстаз Ұ.Жармұханова, ауыл азаматтары Т.Мамышев, М.Хасанов, Ж.Альмурзин, Е.Кубланов, Б.Ирменов, Т.Альбетяров, М.Баймағамбетов, Р.Давлетов, А.Курмашев пен Т.Айткужин болды.

Форум қатысушылары сұрапыл жылдары майданға аттанған ауыл азаматарын еске алып, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Ауыл жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, мектеп мұражайын аралады. Ауылдың іргетасын қалағандар мен солардың ізін басқан аға буын жайлы сөз қозғап, атамекен тарихынан сыр шертті.  Өз кезегінде тыл ардагері З.Хузасаитов ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Қазақта «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген нақыл бар. Қарап тұрсам бүгін жер-жерден ауылды еске алып келіп тұрсыздар. Бұның өзі – сендердің азаматтықтарың. Сол азаматтық, адамдық биіктеріңнен түспеңдер»,- деп батасын берді.

Жиын барысында ауыл жайлы бейнебаян көрсетіліп,  көпшілік назарына көркемөнерпаздар дайындаған мерекелік концерт ұсынылды.