Елорданың тарихи орындарына QR-код енгізілді

Енді Астана тұрғындары мен қонақтары еш қиналмастан ескерткіш немесе тарихи ғимарат туралы ақпаратты біле алады. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Көз алдыңызда тұрған ғимарат немесе ескерткіш жайлы ақпарат білгіңіз келсе штрих кодқа телефоныңызды тақасаңыз болғаны. Бастысы, сіздің ұялы құрылғыңызда QR-код оқитын сканер немесе арнайы мобильді бағдарлама жүктелген болуы керек.

Мәдени нысандарға QR-код орнату Астана қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша жасалды. Біз тек ескерткіштің немесе ғимараттың қандай құндылығы бары туралы, ғимарат авторы және басқа да қызықты ерекшеліктері туралы қысқаша ақпарат бердік, — дейді Тарихи мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекцияның бас маманы Мәншүк Исаева.

Тегтелген тарихи ғимараттардың арасында Кеңес одағының батырларына, тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер, көпестік үйлер, театрлар, монументтер, Жастар театры және тағы басқалары бар.

Мысалы, смартфонды «Астана» концерт залы ғимаратындағы QR-кодқа тақасаңыз,  онда ғимараттың қай жылы салынғаны, бас сәулетшісі кім екені және ғимарат туралы басқа да қызық ақпараттар біле аласыз.

Иван Панфилов ескерткішіндегі QR-кодты смартфон экранына жақындатсаңыз батырдың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі туралы баяндайды. Бұндай QR-коды бар тақтайшалар Астананың 45 ескерткіші мен тарихи-мәдени нысанына орнатылған.

Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады. Себебі қаламызда жыл сайын мәдени-тарихи орындар, монументтер, ескерткіштер ашылып жатыр, — дейді Мәншүк Исаева.