Астанада «Үйдегі дәрігер» жобасы қолға алынды

Бүгін Үкімет отырысында қала әкімі Әсет Исекешев денсаулық саласынның дамуы жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, халыққа қолжетімді сапалы медициналық қызмет ұсыну Астанада бәсекелестік алаңында жұмыс істейтін емханалар үшін басты міндет.

Астанада 27 бастапқы медициналық-санитариялық жәрдем ұйымы жұмыс істейді. Оның алтауы мемлекеттік, он бірі жекеменшік. Тіркелген халық саны — 1 065 137 адам.

Емханаларға түсетін жүктемені жеңілдету үшін Астанада «Үйдегі дәрігер» жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында жеке инвестордың көмегімен амбулатория ашу. Бұл халықтың емханаға баруын жеңілдеті.

Қала халқының жыл сайын өсуіне байланысты емханаларға түсетін жүктеме де артып келеді. Біз қаладағы емханалардың жұмысын саралап, шамадан тыс жүктемесі бар емханаларды анықтадық. Осы жағдай бойынша кәсіпкерлерге осы аудандардарда шағын және ыңғайлы емхана ашуды ұсынып отырмыз. Ал біз өз тарапымыздан бұл емханаларға тұрғындарды бекітіп, осылайша емханалардың қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеміз. Бұл жобаны біз «Үйдегі дәрігер» деп атадық. Осы жылы үш жекеменшік емхана аштық, жыл аяғына дейін 6-ын ашамыз деп отырмыз. Осылайша емханалардың қолжетімділігін арттырамыз және бюджет қаражатын үнемдейміз. Оған инвесторлар 8 миллиард теңге қаражат салды, — деді қала әкімі Әсет Исекешев.

Айта кетсек, қазіргі кезде бір учаскелік дәрігерге орта есеппен 1900 адамнан келеді. Ал 2019 жылдың аяғына дейін 1700-ге дейін төмендетіп, бұл көрсеткішті ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жеткізу көзделіп отыр.  Жоспар бойынша 2023 жылға дейін  жеке инвестиция есебінен жалпы сомасы 80 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асу керек. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне аймақтармен бірлесіп ұсынылып отырған жобаны дұрыс жүзеге асыруды тапсырды.

Астанада жеке инвесторларды тарту арқылы жақсы жұмыстар жасалып жатыр. Сапаның және емдеу орындарының санының артуына байланысты бір дәрігерге келіп отырған жүктеме азаюы керек. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан шағын емханалар ашу жақсы идея, осы ұсынысты аймақтарда қолға алғаны жөн. Барлығыңыз осы мәселені бақылауға алыңыздар, — деді Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.