Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бір сұхбатыңызда менің жастық шағым, қалыптасу кезеңім Әуезов театрында өтті дедіңіз. Сол жылдардан естелік айтып беріңізші?

Өмірімнің ең бақытты жылдары осы театрда өтті. Әуезов театрында өстім, өндім, үйрендім. Алғашқы рольдерімді осы театрда ойнадым, ұлы актерлармен әріптес болдым, олардың қамқорлығын көріп, батасын алдым, ақыл-кеңесін тыңдадым. Осы күнге жетіп отырғаным да солардың баталарының арқасы, әріптестерім мен өзімнен кейінгі буынның тілегі шығар. Мен үшін Әуезов театры әрқашан ыстық. Бұл театрда қалу екінің біріне бұйыра бермес, қалғандар өте аз.

Мен еңбек кітапшамда екі-ақ жазу болады деп ойлайтынмын. Бірі – “1970 жылы 20 қаңтарда Әуезов театрына актер болып қабылданды” деген жазу, екіншісі – “Өмірден өтуіне байланысты театрдан шығарылды” деген. Бірақ тағдырдың өз жоспары бар. Жастар театрына басшы болдым, кейін Астанаға кеттім. Қазір Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында қызмет етемін. Театрдың маған бергені көп, берерінен де үміттімін.

Тілектес Мейрамов
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Театрдағы еңбек жолыңызды бастағанда Әзірбайжан Мәмбетовпен қызметтес болдыңыз. Ол кісінің кәсіби тағылымы туралы не айтасыз?

Мен оқып жүрген кезімде өзімді іштей мінезді, характері ерекше рольдерге бейіммін деп есептедім. Бірақ мен театрға келгенде Әзекең (Әзірбайжан Мәмбетов) маған “Қозы көрпеш – Баян сұлу” пьесасындағы Қозының ролін берді. Осы роль өмірімде біразға дейін жол сілтеуші сияқты болды. Көпке дейін мен театр тілімен айтқанда “жас геройларды” ойнадым. Тек 90-жылдардың басында ғана Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша сияқты психологиялық тұрғыда күрделі рольдерді ойнауды бастадым. Бұлардың арасында басқа да кішігірім рольдер болды. Сонда менің ғана емес, талай буын актердың бағын ашқан – Әзірбайжан Мәмбетов. Қаллеки театрына тез сіңіп кеткенім де Әзекеңнің еңбегі деп білемін. Себебі ол кісі кейін Астанаға ауысқанда Әуезов театрында қалыптасқан дәстүрді, тәртіпті, адами қарым-қатынасты, ұжым болуды сіңіре білді. Қаллеки театры да сол қалыптасқан тәртіппен жұмыс істеп келеді. Мен үшін ұжым ауыстыру, жаңа ұжымға үйрену проблема болған жоқ. Бұл сөзімді қаллекилік актерлар да айтады. Бұл Әзекеңнің салып кеткен сара жолы шығар.

Тілектес Мейрамов
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кәсіби шығармашылығыңызға көз тастай отырып, 70-тегі актер ретінде нені жетістігім деп айтасыз және сонымен бірге өміріңіздің “осы қате болды” деп айтатын тұстары бар ма?

Қазір болатын қойылымдағы менің кейіпкерімнің мынадай сөзі бар: “Мен өз ролімді адал орындадым” деген. Мен де сіздің сұрағыңызға жауап ретінде осы сөзді толық сеніммен айта аламын. Мен өз ролімді адал орындадым, бұл – менің жетістігім. Өйткені мен пендешілікпен біреудің алдына түспедім, адамдармен сөзге келмедім. Жас кезімде біркісілік мінез менде де болды. Бірақ мен сөзге келіп қалармын деп тартына білдім. Себебі сол актермен әлі талай сахналас болатынымды білдім.

Қар үстіндегі көгершіннің ізі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ал кемшіліктерге келсек, менің өкінішпен еске алатыным – мамандығымның тәуелділігі. Актерде көбіне таңдау болмайды, мүмкіндігі шектеулі. Ол өзі қалаған рольде өмір бойы ойнай алмай өтуі мүмкін. Режиссердың көзқарасы, оның шешімі басқа болады. Ойымдағы рольдер өтіп кетті, әлі де өте береді. Ал кейде өзім күтпеген рольдер ұсынылып жатады.

Әлі де сомдағыңыз келетін рольдер бар шығар?

Әрине, бар. Бірақ айтпаймын, құпия болып қала берсін. Бұл маған ғана байланысты нәрсе емес. Әуелі репертуар алынуы керек, режиссер сені сол рольде көруі керек, ал актер абыроймен ойнап шығуы керек. Бұл үшеуі – бір сәтте тоғыса бермейтін нәрселер.

Қар үстіндегі көгершіннің ізі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ал киноға түсуге уақыт табыла ма?

Осы жазда 1-2 фильмге шақырған еді. Бірақ қойылымның дайындығы басталып кетті де, түсе алмадым. Негізі уақытым болып жатса, әлбетте барамын.

Сіз театр мен кинодан бөлек, дубляжбен де айналыстыңыз. Қазір де фильмдерді дыбыстайсыз ба?

1971 жылдан бастап үйдегі апаң (Жұмагүл Мейрамова) мені дубляжға ертіп апарып жүрді. Сол кезде эпизодтан, шағын рольден бастап, кейін үлкен рольдерді дыбыстауға қатыстым. Кеңес үкіметі тарағанға дейін біздің киностудия қарқынды жұмыс істеп тұрды. Ал кейін түрлі себеппен студия жабылып қалды.

Қар үстіндегі көгершіннің ізі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бүгінгінің шығармашыл жастарына не айтасыз?

Мен қазіргі жастарға қызығамын. Оларда мүмкіндік көп, мүмкіндіктен бөлек, олардың алға қойған мақсаттары бар. Сол мақсатқа жету үшін не істеу керегін де біледі. Тынбай еңбектенетін, тырмысып жүретін жастарды да көріп жүрмін. Тек Құдай қолдап, адал жолдан айнымай, жетем деген мақсаттарына жете берсін. Қай салада болмасын, мықты маман болып, егемен еліміздің дамуына үлесін қоса берсін. Бір-біріне сүйеу болсын, Қазақстанды әлемге таныта берсін. Мен жастарымызға әрдайым тілекшімін.

Қар үстіндегі көгершіннің ізі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Тілектес Мейрамовтың шығармашылық кешінде актердың қатысуымен көрерменге “Қар үстіндегі көгершіннің ізі” атты қойылым ұсынылды. Қойылымда Тілектес Мейрамов 55 жас шамасындағы әкенің ролін жас шәкірттерімен ойнады. Дебютанттардың бірі  – Арай Омарова, екіншісі – Мейірхан Жанпейісов.

Кеш соңында Тілектес Мейрамов пен жұбайы Жұмагүл Мейрамоваға театр ұжымы шапан мен камзол кигізді. Мәдениет және спорт министрі мен Қазақстан театрлар қауымдастығы атынан ықылас гүлі табысталды.

Қар үстіндегі көгершіннің ізі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Осынша қошеметке лайық емеспін демеймін. Біреуге көп, біреуге аз көрінер, бірақ 70 деген кісі шошитын жас емес екен. Бұл кешті Астанада-ақ ұйымдастыруға болар еді, бірақ екі театрдың басшылығы қарашаңырақтан бастауды жөн көріпті. Ең қымбаты – көрерменнің қошеметі. Мерейтойымда шығармашылық кеш ұйымдастырып, ыстық ықыласын білдіріп жатқан екі театрдың да басшылығына, қолдап келген әріптестеріме, көрермендерге алғысымды айтамын. Көптен бері “Театрда кездесейік!” деген үрдіс пайда болды. Аман болайық, театрда кездесейік,- деді мерейтой иесі.

Актердың 70 жасы 4 қазанда оның туған өңірі – Қарағандыда аталып өтеді. Қазақстанның халық артисі 1948 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылында дүниеге келген. 

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!