Дәурен Абаев өңірлік БАҚ алдында тұрған мақсат-міндеттерді атады

Бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Astana Media Weeк аясында Өңірлік БАҚ форумын ашты.

Биыл үшінші жыл өңірлік масс-медиа өкілдерінің басын қосып отырған форум Astana Media Weeк аясында өтіп жатқаны баршаңызға белгілі. Журналистер үшін, баспасөз қызметі мен ақпарат саласының басқа да мамандары үшін көптеген семинар-тренинг өтті. Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор. Осы орайда қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол — Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру, — деді министр.

Дәурен Абаевтың айтуынша, бұл шарада дәстүрлі өңірлік БАҚ өкілдерінің бір-бірімен етене танысып, медиа саласын дамытуда ортақ мүдде аясында тоғысуы маңызды. Министр былтыр алғашқы форумда өңірлік ақпарат құралдары тарапынан бірқатар мәселе көтерілгенін айтты. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсыныстарды зерделеп, аймақтық медиа сапасын арттыру бойынша шараларды қолға алды.

Атап айтқанда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазіргі эфирлық-цифрлық ақпарат, телерадиохабарларды таратуды ұйымдастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Өңірлік БАҚ форумының көздеген тағы бір мақсаты — ел тұрғындарының медиасауаттылығын арттыру, медиамәдениетін қалыптастыру. Жалпы, аймақтық журналистер тарапынан осындай мәселелер көтеріліп, оның белгілі бір деңгейде шешімін табуы форумның пайдалы тұсын аңғартады. Алдағы уақытта өңірлік БАҚ форумы өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір, — деді Дәурен Абаев.

Еске салайық, 26 қыркүйекте Астанада Astana Media Week апталығы басталған еді. Жиынға 2 мыңнан астам қонақ келді. Олардың арасында Қазақстан мен шетелдердегі медиаиндустрияның 60-қа жуық топ-менеджері, 50-ден астам продакшн-компанияның өкілі бар.

ДереккөзInform.kz